Еліміздің қай өңірлерінде бала туу көрсеткіші азайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде жүктілікті тоқтату көрсеткіші жоғары болғандықтан, бала туу көрсеткіші азайып келеді.

Бұл туралы «Жыныстық және репродуктивтік денсаулық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Галина Гребенникова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде бала туу көрсеткіші төмендеп жатқаны туралы мәлімет жарияланды. Дәл осы аймақтарда жүктілікті тоқтату деңгейі айтарлықтай жоғары екенін байқауға болады. Яғни, әйелдер, ерлі-зайыптылар бастапқыда жүктілікті тоқтатып, кейіннен ғана отбасын жоспарлау мәселесіне назар аударады», - Галина Гребенникова елордадағы отбасы, демография және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми конференция барысында.

Осы орайда ол әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау саласы бойынша жасалған талдау нәтижесі жайында айтып берді.

«Жүргізілген зерттеу аясында әйелдердің шамамен 43 пайызы алдағы 12 айда жүктілікті жоспарламайтыны анықталды. Яғни контрацепция қызметтеріне бара алмаса, онда кейін жүктілікті тоқтатуға мәжбүр болады», - деді Галина Гребенникова.

Оның сөзіне қарағанда, жүктілікті тоқтатқандардың ішінде 67 пайызы қалада тұратын әйелдер болса, қалған 33 пайызы ауылдағы әйелдер.

«Еліміздің оңтүстігінде бала туу бойынша өсім бар. Осы орайда, бұл өңірлерде түсік жасату деңгейі айтарлықтай төмен», - деді маман.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстандағы ЮНФПА-ның жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі жобасының үйлестірушісі Гаухар Абуова әйелдердің 35 жастан кейін бала туу көрсеткіші екі есеге жуық азайғанын айтты.

Қазақстанда әрбір алтыншы жүктілік түсік жасатумен аяқталады.

Айта кетейік,17 қарашада елордада Отбасы, демография және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми конференция басталды.