Бұл мәселе жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, прокуратура қызметкерлері жалпыға бірдей білім беру орындарындағы оқушылардың медициналық қызмет көрсетуге байланысты құқықтарының сақталуына жүргізілген тексеруді аяқтады. «Арнайы рұқсат қағазынсыз жұмыс жүргізу, білікті мамандардың жоқтығы, медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеу, санитарлық талаптардың орындалмауы тексеру барысында анықталған ең көп заңсыздықтар. Тексеру барысында кейбір мектептерде медициналық қызмет көрсету жұмыстарының мүлдем ұйымдастырылмағандығы анықталды. Тек Шығыс Қазақстан облысындағы 246 мектепте медициналық тіректер жоқ болып шықты. Ал медициналық қызмет білім беру жұмысына рұқсат беретін негізгі құжаттардың бірі», деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, мектептердегі бар медициналық тіректердің өзі талапқа сай емес. Орал қаласында тексерілген 42 оқу орнының тек
14-і ғана белгіленген нормативтерге сай болып шықты. Ал кейбір аймақтарда медициналық қызмет көрсететін орынның болмауы себепті бұл қызметтер мұғалімдер бөлмесі мен кітапханаларда көрсетілген.