Еліміздің көрнекті ғалымы, жазушысы Немат Келімбетов дүниеден өтті
Елімізде қаламгердің есімі көпшілік оқырман қауымға әлем классиктерінің үздік шығармаларын қазақ тіліне аударған аудармашы ретінде жақсы мәлім. Ғалымның "Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы", "Қазақ әдебиеті бастаулары", "Көркемдік дәстүр жалғастығы", "Ежелгі дәуір әдебиеті", "Ежелгі әдеби жәдігерліктер" және тағы да басқа іргелі зерттеулері жарық көрген. Ғалымның бұл бағыттағы ізденістері оны Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты атандырды, оның осы тақырыптағы кітаптары бірнеше шетел тілдеріне аударылды.
Отыз жасында омыртқадан ауыр дертке ұшырап, ұзақ жылдар бойы төсекке таңылған Немат Келімбетовтің өмірге құштарлықтың өнегесіндей, тағдырмен тартыстың тағылымындай «Үміт үзгім келмейді» атты монолог-хикаяты оның қаламгерлік қуатын да, күрескерлік күшін де келісті көрсеткен еді. Кейіннен кітаптің желісі бойынша жазылған пьеса театр сахнасында сахналанды. Оның кейінгі жылдарда жарық көрген «Ұлыма хат», «Қариялар», «Күншілдік» сияқты эсселері Немат Келімбетовті ойшыл суреткер ретінде де танытты. «Үміт үзгім келмейді» кітабы қазақ әдебиетінің абыройын асырып, жақында ғана оның авторына ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлі марапаттардың бірі - Еуропаның Франц Кафка қоғамының наградасын алып берген еді.
Немат Келімбетовтің көркем аударма саласына қосқан үлесі де үлкен. Ол Л.Гурунцтың «Шіркін біздің Шушикент», В.Козаченконың «Найзағай», С.Ахмадтың «Көкжиек», П.Қадыровтың «Жұлдызды түндер» романдарын тәржімалаған.
Немат Келімбетов 1937 жылы туған. 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес өңіріндегі Абай селосында орта мектеп бітірген соң алдымен Ташкент қаржы-экономика институтын (1959), одан кейін Қазақ ұлттық университетін (1966) аяқтаған. Еңбек жолын өзінің әуелгі мамандығы бойынша бастаған Н.Келімбетов кейіннен журналистика, әдебиет саласына ауысады. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, одан кейін республика Министрлер Кеңесінде референт, Әдебиет, өнер және сәулетшілік салалары бойынша Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы, «Қазақстан» баспасында редактор қызметтерін атқарған. Филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Келімбетов көптеген жылдар бойы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасында ұстаздық еткен.
Жазушымен қоштасу желтоқсанның 16-сы күні, сағат 10-да Жамбыл атындағы Қазақ филорманиясы ғимаратында болады.