Еліміздің қуатты, рухы күшті, иманды мемлекет болуы жолында ұлттық зиялы қауымның орны ерекше ? Дін істері комитеті төрағасының орынбасары

None
АЛМАТЫ. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат / Ерлік Ержанұлы/ - Қазақ халқы ислам дінін соқыр сеніммен емес, ой елегінен өткізіп жан-жүрегімен қабылдаған. Бұл жайлы бүгін Алматыда өз жұмысын аяқтаған «Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы және қазіргі заман» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әділет министрлігінің Діни істер комитеті төрағасының орынбасары Аманбек Мұқашевтың айтуынша, қазіргі Қазақстанның өмірінде діннің алатын орны мен рөлі үлкен. Ислам діні де тәуелсіздігімізді айқындайтын бір белгі деп айта аламыз. Діннің еліміздегі бірліктің бір діңгегі, рухани тірегі болуы Үкімет тарапынан ұдайы қадағаланып келеді. Мемлекет дінді ұстанатын және ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктер арасында өзара төзімділік пен құрмет қатынастарын орнатуға жәрдемдеседі. Бүгінде Қазақстандағы дінаралық тығыз қарым-қатынас тәжірибесі, үлгісі, әлем назарына ілікті. Кең-байтақ қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге өзінің ұлтаралық, дінаралық алтын ордасы екендігін паш етіп отыр. Астанадағы әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің 1, 2 сьездері соның жарқын дәлелі. Діндер үнқатысуын қамтамасыз ету, діни ұлттық біліктілікті нығайту Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі болып табылады. Бүгін бізге ұлттық қасиетімізді, дінімізді, әдет-ғұрпымыз бен дәстүрімізді қайта түлетіп, бәрін толық қалпына келтіруге тамаша мүмкіндік туып отыр. Сондықтан да дініміздегі шын мәніндегі өркениетті, адами тәрбиені, демократияны ұлықтайтын асыл қасиеттерді халыққа таныту және оны түсіндіру біздің халқымыздың рухани кемелділігін арттырудың кепілі және еліміздің қауіпсіздігінің құрамдас бөлігінің бірі. «Қазақ халқы ислам дінін соқыр сеніммен емес, үлкен ақыл-ой елегінен өткізіп жан жүрегімен қабылдаған және дінді біздің халқымыз даналық сопылық үлгісінде ұстаған. Сонымен қатар халқымыз ислам дінін қабылдап қана қойған жоқ, оны өркендетуге де үлкен үлес қосты. Біздің жерімізден ұлы ғұламаларымыз бен ойшыл бабаларымыздың шығуы соның дәлелі. Қазақстан жері әлемдік үш діннің - исламның, христиандық пен буддизмнің тоғысқан жері. Біз үш өркениеттің, үш дүниетанымның тоғысқан жерінде тұрамыз. Діни көзқарасы терең, діни мәдениеті өте жоғары ұлттардың қатарына жатамыз», - дейді Аманбек Мұқашев. Оның сөзіне қарағанда, дін мемлекеттен бөлек деген атеистік қағидаға бүгінгі уақыт талабына сай қарауымыз керек. Ислам діні адамдардың бір-біріне жақындығын, достығын уағыздайды, ізгілікке, тазалыққа тәрбиелейді. Еліміздің қуатты, рухы күшті, жан-дүниесі бай, иманды мемлекет болуы жолында біздің ұлттық зиялы қауымның орны мен рөлі өте ерекше. «Қазіргі таңда елімізде дін саласында жүргендердің көбісі - тарихшылар, филолог, журналистер. Ал нағыз теологтар жоқтың қасы. Қазақстанда негізгі дін ислам діні болғандықтан исламтанушыларды жоғары дәрежеде дайындау - өзекті мәселенің бірі. Біздің зайырлы мемлекетіміздің тұрпатына сай қоғамда имандылық, азаматтық нормаларды қалыптастыру үшін Қазақстандағы қоғамдық ғылымдар өкілдері, философтар, әлеуметтанушылар, тарихшылар, мәдениеттанушылар заман талабына сай дүниетану, діндертану ғылымының, оның ішінде ислам дінінің елімізде өркендеп қанат жаюына атсалысып, өздерінің қомақты үлестерін қосатын кезеңі жетті», - дейді Әділет министрлігінің Діни істер комитеті төрағасының орынбасары А. Мұқашев.