Еліміздің Нью-Йорктегі Бас консулдігі 70 млн. доллар жымқырған хакерлік топта қазақстандықтардың болғандығы туралы ақпаратты тексереді

АСТАНА. Қазаның 4-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консульдігі АҚШ банктерінен 70 миллион доллар ұрлаған хакерлік топта қазақстандықтардың да болғандығы туралы ақпаратты тексереді. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.

«АҚШ-тағы хакерлерге қатысты БАҚ-тарда жарияланған ақпаратты Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консульдігі тесеруде. Егер күдіктілер арасында еліміздің азаматтары болса, онда біздің дипломаттар олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін азаматтарымыздың заңды мүддесін қорғау үшін шаралар қабылдайды», деді ресми өкіл.

Айта кетейік, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы Америка банктерінен 70 миллион доллар ұрлағандықтары үшін іздеу салынған күдіктілердің тізімін жариялаған. Күдіктілер қатарында Ресей, Молдова, Украина, Беларус және Қазақстан азаматтары бар. Сондай-ақ оларға төлқұжат және басқа да құжаттарды қолдан жасады, жеке мәліметтерді ұрлады деген де айыптар тағылып отыр.