Еліміздің өмірінде өлшеусіз із қалдырғандар мәңгілік есімізде
Баян Жанғалов (1914 ж. 15 шілдесі - 2013 ж. 30 қаңтары)
2013 жылдың 30 қаңтарында 99-ға аяқ басқан кезінде, тура Жамбыл Жабаевтың жасында Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, екі мәрте Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, І-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған біздің қадірменді ағамыз Баян Жанғалов дүние салғаны белгілі. Ол кісі ұзақ та ғибратты ғұмыр кешті. Ұлы Отан соғысының қан майданына қатысып, елімізді жаудан ерлікпен қорғады. Түрлі мемлекеттік жауапты әрі басшылық қызметтерді зор абыроймен атқарып, ұйымдастырушылық дарынымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен танылды. Ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, үлкен абырой мен беделге, мемлекеттің ең жоғары марапаттарына ие болды. Дүниеден өткенше әрдайым халқымызды ынтымақ пен бірлікке шақырып жүрді.
2013 жылдың 30 қаңтарында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Ақмола облысының құрметті азаматы Баян Жанғалұлы Жанғалов 99 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Баян Жанғалов Ақмола облысы Зеренді ауданы Жамантұз ауылында 1914 жылдың 15 шілдесінде дүниеге келген. 1952 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірді. Еңбек жолын 1931 жылы ауылдық кеңес хатшылығынан бастады.
Ұлы Отан соғысы жылдары Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның құрамында Сталинград, Харьков, Курск, Прибалтика майдандарында шайқастарға қатысты.
Баян Жанғалұлының мұнан кейінгі өмірі туған жері Көкшетау топырағындағы партиялық-шаруашылық жұмыспен тығыз байланысты болды. 1956 жылы Рузаев аудандық атқару комитеті төрағасы қызметінде еңбектеніп жүргенде, оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осы марапат Рузаев ауданының мемлекетке 35 миллион пұт астық тапсырған жемісті еңбегінің нәтижесі еді. Бұл көрсеткіш КСРО-да екінші, ал Қазақстанда - бірінші болатын.
Әбілмәжін Жұмабаев (1930 ж. 22 наурызы - 2013 ж. 28 наурызы)
Өтіп бара жатқан осы жылда Алматыда 85 жасқа қараған шағында қазақтың белгілі жазушысы және аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев дүниеден өтті.
Әбілмәжін Жұмабаев 1929 жылы 22 наурызда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында туған. 1950 жылы ҚазМУдің журналистика факультетін тәмамдаған. Осы кезден бастап он жыл бойы «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1960-1963 жж. «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының жауапты хатшысы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, 1964- 1971 жж. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінде жауапты қызметкер, 1970-1984 жж. «Жазушы» баспасының директоры, республикалық Кітап палатасының директоры болып істеді. Л.Толстой, И.Тургенев, Дж.Лондон, М.Горькийдің әңгіме, повестерін аударған. К.Паустовскийдің «Телегей тасқын» (1966), «Түнделеткен күйме» (1984), А.Гриннің «Алқызыл желкендер» (1976), М.Ридтің «Жұмбақ салтатты» (1972), А.Дюманың «Үш ноян» (1979), Ж.Сименонның «Мегрэ және ұрылар» (1974), т.б шығармаларын қазақ тіліне аударған. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. Қазақ КСРнің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Қазақстан Республикасы Президенті стипендиясының бірнеше мәрте иегері.
Гүлфайруз Ысмайлова (1929 ж. 15 желтоқсаны - 2013 ж. 12 мамыры)
Алматыда 12 мамыр күні 84 жасқа қараған шағында Қазақ КСР халық суретшісі, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, актриса Гүлфайруз Ысмайлова өмірден озды.
Гүлфайруз Мансұрқызы Ысмайлова 1929 жылдың 15 желтоқсанында Алматы қаласында дүниеге келген. Оның шын есімі Қонарбаева Күлпаш Таңсықбайқызы. Балдәурен шағында оны Мансұр Ысмайылов асырап алған. Оның бес перзентінің ішінде Гүлфайруз үлкен қызы еді. Г. Ысмайлова 1949 жылы Алматы бейнелеу өнері училищесін тәмамдады, ол Қазақ КСР халық суретшісі А.М. Черкасский шеберханасында тәлім алды. Сонымен бірге 1956 жылы Репин атындағы Ленинград көркем сурет, мүсін және сәулет институтының дипломын иеленген. 1957 жылдан Қазақстанның суретшілер одағына мүше. 1970 жылдардың басында Гүлфайрузға Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының бас суретшісі міндеті жүктелді. Ол «Ер Тарғын», «Чио-Чио-Сан», «Аида» іспетті опералардың, «Қыз Жібек» және т.б. кинотуындылардың декорациясы мен костюмдарына эскиздер әзірлеген. Г. Ысмайылованың портреттік және көркем сурет туындыларының саны 100-ден асып жығылады. Ол «Алитет уходит в горы» туындысында Тыгренаның, «Ботагөз» фильміндегі бас кейіпкердің, «Қыз Жібектегі» Тананың бейнесін сомдауға ат салысты. Өз ісінің майталманы «Құрмет белгісі»; Халықтар достығы; «Парасат» ордендерімен, өнерге қосқан сүбелі үлесі үшін «Тарлан» сыйлығымен марапатталды.
Сәтімжан Санбаев (1939 ж. 16 қыркүйегі - 2013 ж. 29 маусымы)
Осы жылы әдебиетіміз бен өнеріміз тағы бір ауыр қазаға ұшырады. 74 жасқа қараған шағында көрнекті қаламгер, аудармашы, қайраткер азамат - Сәтімжан Санбаев дүниеден озды. Ол 1939 жылы 16 қыркүйекте қазіргі Атырау облысының, Мақат селосында туған. Орынбор ауыл шаруашылығы институтын, КСРО Жазушылар одағы жанындағы Жоғары әдеби курсты тәмамдаған. Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақ комитетінде жауапты хатшы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Невада-Семей» қозғалысында вице-президент, Ш.Айманов атындағы ұлттық кинокомпанияда бас редактор болып жемісті қызмет атқарған.
Шығармаларын орыс тілінде жазатын Сәтімжан Санбаевтың алғашқы повестері «И вечный бой», «Белая аруана» 1968 жылы «Простор» журналында жарық көрген. Қаламгердің қаламынан туған «Белая аруана», «Дорога только одна», «Аруана», «Колодцы знойных долин», «Времена года нашей жизни», «Когда жаждут мифа», «Медный колосс» сияқты кітаптары оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған. Шығармалары қазақ тіліне, сондай-ақ, көптеген шетел тілдеріне аударылған. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.
Дүкенбай Досжан (1942 ж. 9 қыркүйегі - 2013 ж. 16 қыркүйегі)
Биылдың күзінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты, «Мәдениет» республикалық журналының бас редакторы, «оқырманы қисапсыз жазушы» Дүкенбай Досжан 71 жасқа келген шағында өмірден өтті. Дүкенбай Досжан 1942 жылы 9 қыркүйекте Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Құланшы ауылында дүниеге келген.
Түркістан қаласының, әрі бірнеше ауданның Құрметті азаматы, Құрмет (2001), Парасат (2008) ордендерінің иегері. Алғашқы әңгімесі 15 жасында жарық көрген қаламгердің кітаптары әлемнің 20 тіліне аударылып, жалпы көлемі 3,7 миллион таралыммен басылып шыққан. Кітап палатасының Қазақстандағы «Оқырманы қисапсыз жазушы» куәлігін алған. Оның қаламынан 11 роман, 23 хикаят, 100-дің үстінде әңгіме туды.
Сағадат Нұрмағамбетов (1924 ж. 25 мамыры - 2013 ж. 24 қыркүйегі)
Ағымдағы жылы ҚР Тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов дүниеден өтті. Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы 1924 жылдың 25 мамырында Ақмола облысының Еңбек ауылында (қазір Ақмола облысы Ақкөл ауданы) дүниеге келді. Сағадат Нұрмағамбетов 1943 жылы сәуірде Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберіледі. Солтүстік Кавказ, Украин және Беларусь майдандарында взвод, рота және батальон командирі болып, Польша жерінде Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсетті. 1945 жылы 27 ақпанда Польша аумағында жаудың мықтап бекінген қорғанысын бұзуға жауынгерлік тапсырманы үлгілі орындағаны, ерлік пен батылдық көрсеткені үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Сағадат Қожахметұлы Ленин, 2 Қызыл Жұлдыз, 1,2- дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту, "Құрмет белгісі", Октябрь революциясы, "Отан" ордендерімен, медальдармен, шетелдердің орден, медальдарымен марапатталған. 1971-1994 жылдары бірнеше мәрте Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды.
Жарыққа шыққан кітаптары: «Лицом к огню», «Мой передний край», «А в памяти нет тишины». 1999 жылы Астанадағы «Жас Ұлан» Республикалық мектебі С. Нұрмағамбетовтің атымен аталды.
Орал Мұхамеджанов (1948 ж. 11 қарашасы - 2013 ж. 15 қарашасы)
2013 жылдың 15 қарашасында белгілі мемлекет қайраткері Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов дүниеден озды. Ол 1948 жылы Қостанайда дүниеге келді.
Орал Байғонысұлының іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетімен жастай көзге түсіп, басқару органдарында түрлі жауапты қызметтер атқарып, мол тәжірибе жинақтаған. Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы күннен Президент Әкімшілігінде және Үкімет аппаратында бөлімдер басқарып, Парламент Мәжілісінің депутаты, кейін Палата Төрағасы бола жүріп, өзінің мол білімі мен бүкіл қажыр-қайратын туған елімізді көркейтуге, оның құқықтық-заңнамалық базасын қалыптастырып, нығайтуға жұмсады.
Ермек Серкебаев (1926 ж. 4 шілдесі - 2013 ж. 16 қарашасы)
Өткен күзде Қазақстанның әйгілі опера әншісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақ КСР халық әртісі, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының иегері Ермек Серкебаев дүниеден озды. Ол 1926 жылы Петропавлда дүниеге келді. 1951 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын (вокал бойынша) бітірген. Студент кезінде Абай атындағы Опера және балет театрының шығармашылық ұжымында қызмет істеген. Абай партиясын (А. Жұбанов пен Л. Хамиди, «Абай») орындаған. 1973 жылы Алматы консерваториясының жеке дауыста ән айту кафедрасының оқытушысы болған. Әнші репертуарында қазақтың халық әндері, орыс және шетел композиторларының шығармалары бар. 7-шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің, 8-11-шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Вокалистер конкурсының (Будапешт, 1953) лауреаты. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1977) және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1972) иегері. "Музыка" номинациясы бойынша 2000 ж. "Тарлан" сыйлығын жеңіп алған.
Владимир Кацев (1929 ж. 7 қыркүйегі - 2013 ж. 10 желтоқсаны)
Биылғы қыстың алғашқы айында 84 жасында қазақстандық белгілі сәулетші Владимир Кацев дүниеден озды. Ол 1929 жылдың қыркүйегінде Украинада өмірге келді. 1953 жылы Харьков инженерлік-құрылыс институтының сәулет факультетін тәмамдады. Ол 1959 жылы «Қазқалақұрылысжобаның» бас сәулетшісі қызметін атқарды. 1989 жылдан Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының сәулеттік қор жобаларының бас сәулетшісі. 2010 жылдан ҚР Сәулетшілер одағының Алматы қалалық филиалының төрағасы. В. Кацев ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтар бойынша комиссиясының бейнелеу өнері мен сәулет секциясының мүшесі болды.
Роза Жаманова (1928 ж. 16 сәуірі - 2013 ж. 27 желтоқсаны)
Жақында Алматыда 86 жасқа қараған шағында КСРО халық әртісі Роза Үмбетқызы Жаманова ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін қайтыс болды. Роза Үмбетқызы 1928 жылдың 16 сәуірінде Ақтөбе қаласында туды. Шебер әншінің орындауындағы ән тілмашты қажет етпей-ақ музыка тілінің құпиялығымен халық жүрегіне жете алды. Ол Канадада, Үндістанда, Италияда, Швецияда, т.б. да елдерде қазақ музыка өнерін, классикалық операларында партияларды аса шеберлікпен танытты.
Абай атындағы қазақтың Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында 1953 ж. қызмет істейді. Жаманова Жібек пен Ақжүністің (Е. Брусиловскийдің "Қыз Жібек" және "Ер Тарғыны"), Сараның (М. Төлебаевтың "Біржан мен Сарасы"), Ажардың (А.Жұбанов пен Л. Хамидидің "Абайы"), Татьяна мен Иолантаның (П. И.Чайковскийдің "Евгений Онегині" мен " Иолантасы"), Амелияның (Дж. Вердидің "Бал-маскарады") және т. б. опералардағы басты бейнелердің қайталанбас тұлғасын жасады. Роза Жаманова күміс ырғақты өзіндік дауысы бар әнші. Өзі сомдаған бейнелерді жете сезіну, жоғары вокальдық мәдениет - оның орындау мәдениетінің ерекшеліктері.
Роза Жаманованың тағы да бір елеулі еңбегі - оның ұстаздығы. 1987 жылдан бері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияда профессор, вокал бойынша дәріс береді. Музыкалық жоғары оқу орындарында вокалдық әншілер үшін оқу бағдарламаларын құрастыруға қатысты, ал 2008 жылдан консерваторияда ақылшы-ұстаз. Ол 1962 - 1979 жылдар аралығында Қазақ театр қоғамының төрайымы болды. 1968 жылдан Халықаралық театр институтының мүшесі. КСРО халық әртісі Роза Жаманова Ленин, Еңбек Қызыл ту, Халықтар достығы, "Парасат" ордендерімен марапатталды. Сонымен қатар оған Моңғол мемлекетінің, Эстон Республикасының, Шешен-Ингуш автономиялық республикасының құрмет грамоталары берілді.