Еліміздің сыртқы істер министрлігі Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігіне ұлттық жоба мәртебесін бермек ниетте

АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүшелігіне ұлттық жоба мәртебесін бермек ниетте. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.

«Өтінімнің саяси маңыздылығын әрі Мемлекет басшысының мақұлдауын ескере отырып, біз ЕҚЫҰ-ға төрағалығымызға балама бұл науқанға ұлттық жоба мәртебесін бергіміз келеді», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы әлемдік қоғамдастықтың назарын Орталық Азия өңіріндегі өткір проблемаларға және оларды шешуге аударуға, Қазақстанның халықаралық бастамаларын алға бастыртуға, Еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторы ретіндегі еліміздің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл органға сайлау 2016 жылдың күзінде өтеді. Сондықтан Е.Ыдырысов Сенат депутаттарынан парламенттік бірлестіктер қызметі аясында және шетелдік әріптестермен кездесу барысында Қазақстан кандидатурасын белсенді түрде алға жылжытуды өтінді.