Еліміздің сыртқы саясаты экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға белсенді әрекеттерге негізделуі тиіс - ҚР Президенті
«Орта мерзімді перспективада біздің алдымызда индустриялы дамыған мемлекеттердің шеңберіне ену мақсаты тұр», - деп тоқталды Мемлекет басшысы.
Осы орайда Президент алдыңғы қатарлы технологиялар мен инновацияларды экономикаға тартуда жұмыстарды жандандыруды тапсырды. «Бұл оңай мәселе емес. Ешкім де өзінің технологиясын бізге бекерден ұсына салмайды. Және оған ешкім аса құлшыныс танытпайды да. Сондықтан біз өзіміздің ғылымымызды дамытып отырмыз», - деді Елбасы.
Бұл тұрғыда Президент дамыған елдерден озық технология тарту бойынша ұмтылыс болатынын атап өтті. Бұдан бөлек Н. Назарбаев еліміздің сыртқы саясаты Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға белсенді әрекеттерге негізделуі тиіс екендігін атап өтті.
«Бұндай мақсат-міндет әрқашан да біздің алдымызда тұрады», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.