Еліміздің тас жолдарынан 250 адам эвакуацияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәрсенбі күні еліміздің тас жолдарында қар құрсауында қалған 250 адамға көмек көрсетілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жолдардың жабылуына байланысты автовокзал мен Астана-Омбы бағытындағы «Мерседес» автобусынан 27 РФ және 36 Тәжікстан азаматы жылыту бекетіне жеткізілді. Олардың ішінде 6 бала бар.

Қарағанды облысында жолдан ұшып кеткен автобустан 27 адам эвакуацияланды. Теміртаудан 26 шақырым жерде сынған автобустан тағы 53 адам қауіпсіз жерге жеткізілді. ШҚО-да Өскемен-Павлодар бағытындағы автобустан 44 адам жылы жерге жеткізілді.

Арқалық-Торғай жолында қарға батқан ВАЗ көлігінің 4 жолаушысы құтқарылды.

Ақтөбе облысында жолдан тайып кеткен «Газельден» 3 Өзбекстан және 1 Ресей азаматы эвакуацияланды.

 

Павлодар облысында 4 автобус жолдан шығып кетті. Олардың екеуі жолға қайта шығарылды. Басқа автобустағы жолаушылар жылыту бекеттеріне жеткізілді.

7 наурыз күні Алакөлдің мұзына автомобильдерімен түсіп кеткен 4 балықшы құтқарылды.

«4 адам құтқарылып, 251 адам эвакуацияланды, олардың 13-і бала. Жылыту бекеттеріндегі адамдар үйлеріне қайтарылды»,-деп хабарлайды ТЖК.