Еліміздің төрт облысында ұн мен нан бағасы негізсіз көтерілген - іс сотқа жіберілді

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Еліміздің төрт облысында ұн мен нан бағасы негізсіз көтерілген. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында  ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Ғабидулла Әбдрахимов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, агенттік Павлодар, Оңтүстік Қазақстан Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында, сонымен қатар Астана қаласында ұн мен нан бағасының көтерілуін тіркеген. Баға, әсіресе Павлодар облысында нанға, ал Батыс Қазақстан облысында ұнға күрт өскен. Қазіргі уақытта құзырлы ведомство бір бөлке нанның бағасын 41-ден 47-і теңгеге көтерген Павлодар нан комбинатына қатысты тергеу амалдарын жүргізуде. Компания  бағаны көтеру үшін түрлі қитұрқы әрекеттерге барып отыр. Тергеу барысында электр энергиясы мен жанармай бағасына кеткен шығындарды есептегенде нан бағасынан 2,5 пайыздан артық болмаған.

«Осылайша негізсіз баға көтеру айқын білініп отыр. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін бұл істі біз аталған компанияға айыппұл салу қолдаухатымен сотқа жолдадық», - деді ол.

Сонымен қатар агенттік Батыс Қазақстан облысында ұнның бағасын көтерген үш компанияға қатысты тергеу амалдарын жүргізуде. Мәселен, Ғ.Әбдрахимовтың айтуынша, «Желаев нан өнімдері комбинаты» жоғары сұрыпты ұнды - 40, бірінші сұрыпты - 57, екінші сұрыпты 47 пайызға қымбаттатқан. Бұл ретте компания өз әрекеттерін маусым айындағы астық тоннасының 1250 теңгеге көтерілумен түсіндіреді.

«Ал тексеру сатып алу бағасының не бәрі 4 пайызға ғана өскенін көрсетті. Ал комбинат ұн бағасын 40-тан 57 пайызға дейін қымбаттатқан. Сонымен қатар бұл суъбектіде тоннасын 29500 теңгеден сатып алған шамамен 6 мың тонна астық бар. Бұл ұн бағасының негізсіз өскендігін көрсетеді. Осы факті бойынша іс сотқа жіберілді», - деді агенттік басшысы.