Еліміздің тұрақты дамуы мен гүлденуі ең алдымен жастарға байланысты - Академия ректоры Б.Әбдірасілов

АСТАНА.  28 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанның гүлденуі мен тұрақтылықта дамуы ең алдымен жастарға байланысты.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен дөңгелек үстел жиыны барысында академия ректоры Болатбек Әбдірәсілов осылай мәлім етті.

«Кешегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастар мәселесіне ерекше назар аударды. Бұған Президенттің өз баяндамасында «жастар» сөзінің отыз рет қайталанғанын атасақ та жеткілікті. Бұл әрине бізді қуантады. Өйткені, егер біз жастар ісін дамыту мәселесіне мемлекет әлеуетін жұмылдырсақ, онда біздің еліміздің тұрақтылығы да, мемлекетіміз бен халықтарымыздың гүлдене дамуы да сол жастарға қатысты болатыны айқын», - дейді Б.Әбдірәсілов.

Естеріңізге сала кетейік, жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми‑сараптамалық кеңес мүшелері, облыстық ғылыми‑сараптамалық топ басшылары, Мемлекеттік басқару академиясының префессорлық оқытушылар құрамы қатысқан болатын. Меймандар арасында сондай‑ақ, «LADE» халықаралық білім беруді дамыту қауымдастығының  президенті Лара Шейко, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Любовь Шашкова да болған еді.

Дөңгелек үстел аясында қатысушылар ағымдағы жылғы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың халыққа Жолдауы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 19-сессиясында алға қойылған қоғамдағы тұрақтылық, бірлік пен толеранттылықты сақтауға қатысты жаңа қадамдар мен мәселелерді талқыға салды.