«2011 жылы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағы өзекті түйткілдерді шешу мақсатында ҚР Үкіметі «2020 жылға дейін арналған Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасын жасады. Он жыл ішінде осы бағдарлама аясында 81 мың шақырымнан астам жылу, электр және газбен қамтамасыз ету желілерін жаңғырту көзделген. Үш жылға тек республикалық бюджеттен тұрғын үй-коммуналдық желілеріне 34 млрд. теңге бөлініп отыр. Нақтырақ айтқанда, 173 жобаны жаңғырту межеленген. Тұрғын үй-коммуналдық желілерін жаңғырту саласындағы ең басты мәселе мемлекеттік емес инвестицияларды тарту тетіктерінің жоқтығы және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік дамуының әлжуаздығы. Кәсіпорындардың қаржылық қиындықтары, тозығы жеткен желілер, ТКШ саласындағы ашықтықтың жоқтығы - бұл саланы инвестициялар үшін тартымсыз етіп отыр», - деп атап өтті вице-министр.
Осы мақсатта конференцияда Норвегия, Германия, Польша және Ресей елдерінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және энергоүнемділік, мемлекеттік емес инвестицияларды тарту мәселелері бойынша тәжірибелерін талқылау жоспарланған.
Оның айтуынша, республикада 110 мыңнан астам тұрғын үй қоры бар. Олардың басым бөлігі 90-шы жылдардан бері күрделі жөндеу көрмеген, сондықтан олардың техникалық жағдайы мүшкіл күйде. Осы себепті бағдарлама аясында тұрғын үйлерді жаңғыртуға қайтарымды негізде бюджеттен қаражат бөлінуде. Пәтер иелері бұл қаражатты ай сайын тіркелген сомада бөліп өтейтін болады.
«2011-2012 жылдар аралығында тұрғын үй қорын жөндеуге 17,8 млрд. теңге бөлініп, 1200-ге тарта үй жөнделді. Тұрғын үйлерді жаңғыртуға жыл сайын түсетін өтініштердің саны көбеюде. Екі жыл ішінде тұрғындар терможаңғыртуға бөлінген қаржының 1,5 млрд. теңгесін қайтарып үлгерді. Бұл қаржы өзге жобаларға қайта бағытталып жатыр», - деді С.Нокин.