Еліміздің ұлттық ақпараттық кеңістігі біздің қаламызда қалыптасады - Ахметжан Есімов

МАТЫ. 16 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 6 мыңнан аса шетелдік ақпарат құралдары таралады. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан IV «Қаламгер - Азамат» жас журналистер форумында айтылды.

«Алматы қаласы түрлі қоғамдық саяси күштердің, БАҚ-тың тығыз орналасқан ортасы болып саналады. Көптеген республикалық баспасөздер мен телерадио компанияларының бас редакциялары осында орналасқан. Сондықтан еліміздің ұлттық ақпараттық кеңістігі біздің қаламызда қалыптасады деп айтуға болады. Қазіргі уақытта қаламызда 510 газет, 730 журнал, 46 электрондық бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген», - дейді форумға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатында қала әкімі Ахметжан Есімов.

Шаһар басшысының айтуынша, өкінішке орай, оның ішінде қазақ тілді баспасөздің үлесі төмен. Қазақ газеттері мен журналдарының Қазақстанда сатылу тиражы 10 пайызды ғана құрайды. Осының өзі еліміздегі журналистика саласының тиісті деңгейде дамымай отырғанын және кәсіби мамандарды дайындаудың төмендігін көрсетеді.