Еліміздің Жалпы ішкі өнімі 7 пайыздан астам өсті-Президент

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Еліміздің Жалпы ішкі өнімі 7 пайыздан астам өсті. Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елордада «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарын тапсыру рәсімі барысында осылай мәлім етті.

«Бүгін біз өтіп бара жатқан жылдың маңызды қорытындысын салтанатты түрде шығарамыз. Еліміздің Жалпы ішкі өнімі 7 пайыздан, өнеркәсіптік өндіріс 10 пайыздан астамға, өңдеуші өнеркәсіп 19 пайызға өсті. Соңғысы біз үшін өте маңызды», - деді ҚР Президенті.

Осы орайда Елбасы минералды ресурстарға, жер қойнауының байлығына малданып өмір сүрмеуіміз керектігін баса айтып, Кеңес одағында жүргізілген индустрияландыру саясатына тоқталды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Кеңес одағы 2,5 млрд-қа, қазіргі уақытпен алып қарағанда 1 трлн долларға, яғни бүкіл қаржысына 30-жылдардағы дағдарыс кезінде кетеуі кеткен американдық кәсіпорындарды сатып алған. Елге әкелгеннен кейін этикеткасын алмастырып, кеңестік кәсіпорынға айналдырған. Осындай жолмен әкелінген кәсіпорындар саны 800-ге жеткен. Ал оларға жұмыс күші зорлық-зомбылықпен, әкімшілік қысыммен әкелініп, шаруалар еңбегімен Кеңес одағының индустрияландырылуы жүзеге асқан.

«Біз ондай әдісті қолдана алмаймыз, шындық қой және оның керегі жоқ, қаламаймыз да. Бірақ Қазақстанда сондай ауқымдағы мәселелерді шешудеміз. Мен бұның қарапайым мәселе еместігін түсінгенін қалаймын», - деді ҚР Президенті.