Еліміздің жинақтаушы зейнетақы қорларындағы актив 3 трлн. теңгені құрайды

None
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда елімізде зейнетақы активі 3 трлн. теңгеден асатын 10 жинақтаушы зейнетақы қорлары қызмет етеді. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» жаңа редакциядағы заң жобасын таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов осылай мәлім етті.

Министрдің айтуынша, жинақтаушы зейнетақы қорларындағы актив бір қарағанда қомақты соманы білдіреді. «Алайда, 15 жылдық жинақтаушы зейнетақының үлесі жиынтық төлемдер бойынша 3-4 пайыздан аспайды. Бұл бір жағынан еліміздегі жинақтаушы жүйенің «жастығын» білдірсе, екінші жағынан зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығы төмен екендігін көрсетеді», дейді С. Әбденов. Оның айтуынша, зейнетақы жүйесінің кемшілігі ол жүйенің жетілмегендігінен ғана емес, көбінесе елдегі макроэкономикалық жағдайға қатысты болып табылады. Бұлар - инфляция, шектеулі инвестициялық құралдар, қор нарығының дамымағаны, халықтың басым бөлігінің зейнетақы салымын жеткілікті түрде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін жалақының төмен деңгейі.

«Тоқтала кететін жайт, Жинақтаушы зейнетақы жүйелері инвестициялаудың мүмкіндігін толық пайдаланбаған, негізінен қаражат мемлекеттік құнды қағаздарға салынған. Соған орай, Дүниежүзілік банк те Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін тиімсіз ретінде бағалайды. Бұдан бөлек, Бас прокуратура осы жүйедегі бірқатар қаржылық айла-шарғыны әшкерелеген болатын. Бұның барлығы қордаланған проблемаларды саланы түбірімен қайта құрылымдау жолымен еңсеру қажеттігін көрсетеді. Осыған орай, Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды ұсынады», - дейді министр С. Әбденов. Оның айтуынша, проблемаларды оңтайлы шешудің қажеттігін халықаралық институттар да мақұлдап, бұл жөнінде бірқатар ұсыныстар жасаған.