Еліміздің ЖОО-лары 2010-2011 оқу жылдарына талапкерлерді қабылдау жұмыстарын бастап кетті

АЛМАТЫ. Шілденің 23-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін еліміздің жоғары оқу орындары 2010-2011 оқу жылдарына түлектерді қабылдау жұмыстарын бастап кетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құжаттарды тапсыру мерзімі 23 шілде мен 31 тамыз аралығында жалғаспақ.

Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқуға ниет білдірген талапкерлер санының көптігі байқалады.

«Мен ҚазҰУ-ды еш кідірместен таңдадым, себебі бала күнімнен ҚазҰУ-да оқуды армандадым. Әсіресе мені университеттің қазыналы тарихы, ең үлкен студенттік қалашығы қызықтырады. Университеттің инфрақұрылымдары да оқу үдерісінде өзіндік оң септігін тигізеді деп ойлаймын. Құжаттарды қабылдау науқаны шілде айының соңына дейін өтетіндігіне қарамастан, менің ҚазҰУ студенті атанғым келгені соншалықты, мемлекеттік байқауға құжаттарымды бүгін-ақ өткізіп үлгердім», дейді құжат тапсырушы Динара Жүнісова.

Аталмыш университет өткен жылы оқуға 2586 мемлекеттік білім гранты иегерлерін қабылдап, жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Биыл да 14 факультет бойынша талапкерлерді қабылдауда.