«Қазақстан инвестициялық тартымдылық рейтингісінде 84 елдің ішінде 56-орында тұр. Бұл зерттеуді жыл сайын канадалық Фрейзер институты жүргізеді. Ол әлем елдерінің инвестициялық тартымдылығын бағалауға бағытталған, оның аясында минералды шикізатпен қамтамасыз етілу деңгейі, сондай-ақ пайдалы қазбаларды барлау, өндіру саласына инвестиция тартуға тән қоғамдық-саяси факторлар ескеріледі. Қазақстанға қатысты жүргізілген зерттеуде олқылықтың 77 пайызы құқықтық жүйеге қатысты болған. Атап айтқанда, салық және еңбек заңнамасы, сондай-ақ геологиялық деректер базасы инвесторлар үшін қолайсыз саналады», - деп жазылған «Жер қойнауын пайдалану және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері туралы» ҚР заңының консультативтік құжатында.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі инвестициялық климатты жақсарту мақсатында бірнеше бағыттағы заңнаманы жетілдіре түсу маңызды деп есептейді.
«2030 жылға қарай Қазақстан инвестициялық тартымдылық рейтингісінде 50-орында болуына жағдай жасалады. Ол үшін жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіру қажет», - деп мәселені шешу жолы ұсынылған.
Дегенмен министрлік Қазақстанның рейтингідегі позициясы 2025 жылдан бастап жақсара түседі деген ұстанымда.
Сонымен қоса консультативтік құжатта еліміздегі өңдеу өнеркәсіптерінің жай-күйі де жазылған. Мәселен, Қазақстанда алюминийдің тек 17% өңделіп, қалғаны экспортқа жіберіледі.