Елімізге танымал әртістер мен ақын-жазушылар шалғайдағы ауыл адамдарымен кездесулер өткізеді - Мәдениет комитеті
Бұл туралы бүгін Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Тілеуғали Қышқашбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі театрлар мен концерттік ұйымдар үшін «Отаным - бақыт мекенім» атты шағын қалаларды гастрольдік концерттермен қамту жөніндегі республикалық жобаны іске асыруда.
Оның аясында Қазақстандағы шығармашылық ұжымдардың гастрольдерін ұйымдастыру қарастырылған. Аталған жобаның басын бүгін Н. Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ашып отыр. Жоба шеңберінде М. Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының, республикалық неміс драма театрының, Мемлекеттік ұйғыр театрының, Қ. Қожамьяров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының, «Салтанат» би ансамблінің тағы да басқа мәдени ұжымдардың гастрольдері өткізіледі деп жоспарланған.
Комитет басшысының атап өткеніндей, жалпы Қазақстандағы 52 театр ұжымы ел аралайтын болады.
«Жыл басында Президентіміз Қазақстан халқына арнаған өз Жолдауында өңірлердегі шағын қалалардың әлеуметтік, экономикалық дамуына ерекше назар аудару керек екендігін атап өткен болатын. Соған орай, «Отаным - бақыт мекенім» атты шағын қалаларды гастрольдік концерттермен қамту жөніндегі республикалық театрлар мен концерттік ұйымдар үшін арнайы жоба әзірленді. Осы жобаға сәйкес Қызылорда, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Павлодар облыстарын аралау күн тәртібіне қойылды. Қазақстанның танымал әртістері мен ақын-жазушылары жер-жерлерге сапармен шығып, ауыл адамдарымен кездесу өткізеді. Олардың ішінде Ұлықбек Есдәулет, Хабиби Есенғали, Жолтай Алмашұлы, Марат Тоқашбаев және тағы басқа танымал есімдер бар. Гастроль барысында олар облыс орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдарға да ат басын тірейді», - дейді ол.