Елімізге ҰҚШҰ-ның қанша әскері мен техникасы келді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ҰҚШҰ-ның қанша әскері мен техникасы келгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымық бітімгершілік күштерінің 2 030 адамы мен 250 техникасы орналасып, жүктелген міндеттерді орындауға кірісіп кетті», - деді Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында.

ҚР Президенті ұжымдық бітімгершілік күштері қандай міндеттер атқаратынын да атап өтті.

«Олар әуежайларды, әскери қоймаларды және өзге де стратегиялық нысандарды қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін жүзегі асырады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы өтіп жатыр. Жиын Қазақстан тарапының бастамасымен шақырылды.

Еске салайық , ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мүше елдердің басшыларынан ел аумағындағы террористік қауіпті еңсеру үшін Қазақстанға көмек көрсетуді сұраған болатын.