Елімізге жердің дренаждық жүйесін дамытуға 1 трлн. теңге қажет - А.Мамытбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі жердің ирригациялық және дренаждық жүйесін дамытуға шамамен 1 триллион теңге инвестиция тарту қажет. Бүгін Парламент Мәжілісінде ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков осылай мәлімдеді.

Еске салайық, Мәжілісте «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Ирриграциялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасы) ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Келісімге сәйкес, Халықаралық Қайта Құру және Даму банкі Қазақстанға Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші кезеңін қаржыландыруға 102,9 млн. доллар сомасында қарыз береді.

«Біздің есебіміз бойынша бұл салаға қосымша 1 триллион теңгеге жуық инвестиция қажет. 1991 жылғы есепке сәйкес, Кеңес Одағының уақытында Қазақстанда 2,1 миллион гектар суармалы жерлер бар болатын. Ал қазіргі уақытта бізде суармалы болып саналатын жердің аумағы 1,5 млн. гектарды құрайды, соның өзінде жарты миллионға жуық жерлер тек қағаз жүзінде суармалы болып отыр. Өйткені ол жерлердің арналары, дренаждық жүйелері істен шыққан», - деді министрі А.Мамытбеков.

Оның айтуынша, осындай проблеманың салдарынан фермерлер тоза бастаған жерлерге негізінен күй талғамайтын дақылдарды сеуіп келеді. Өйткені, ондай жерлерге судың керек уақытында келіп тұруына кепіл жоқ.

«Жыл сайын республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат 30-35 млрд. теңгені құрайды. Егер біз осылайша бір триллионның орнына 30-35 млрд. теңге бөліп мәселені шешеміз десек, қатты қателесеміз, ондай болса аталған жерлерді 30 жылдың ішінде де жетілдіре алмаймыз. Өйткені бір жерді істесек, екіншісі қайта айналып істен шығады. Ал бұның екі жолы бар, оның бірі - республикалық бюджеттен қаржыны ұлғайту, дегенмен қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Екінші жолы - басқа қаржы көздерінен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру. Қазіргі уақытта судың тарифі өте төмен. Бұл да мәселеге кері әсер етеді», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Еске сала кетейік, Халықаралық Қайта Құру және Даму банкімен бірлескен жоба бойынша 113 мың гектар аумақты қамтитын жерлердің дренаждық жүйесі қалпына келтіреді. Мұның ішінде Алматы облысында - 12,5 мың гектар, Жамбыл облысында - 15 мың гектар, Оңтүстік Қазақстан облысында - 70,4 мың гектар, Қызылорда облысында - 15,5 мың гектар жер аумақтары қамтылады.