Елисей келісімі 2.0: Германия мен Франция Аахен келісімі арқылы Еуропаның қуатты болғанын қалайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тарихта ресми Берлин мен Париж арасында жасалған Елисей келісімі аса маңызды қадам ретінде қарастырылады. Бұл келісімге Франция президенті Шарль де Голль мен Германия канцлері Конрад Аденауэр 1963 жылдың 22 қаңтарында қол қойған болатын. Келісім бұған дейін қырғи-қабақ ұстанымда келген екі мемлекетті жақындастырып, олардың Еуропадағы сенімді серіктеске айналуына жол ашты.

Осы орайда Қазақстан Республикасындағы Франция және Германия елшілері Аахен келісімі, жалпы Еуроодақ жайлы ортақ мақала жазған  екен.  «ҚазАқпарат» ХАА аталған мақаланың мәтінін таратады.

*   *  *

Алдағы екі айдан кейін «Brexit»-те ақиқатқа айналады. Инновациялар жағынан дамыған, барынша тұрақты, ұйымшыл және қуатты Еуропаның маңыздылығын тағы да көрсету үшін Франция мен Германия дәл осы уақытты таңдады. 2019 жылдың 22 қаңтарында Германия Федеративтік Республикасының Канцлері Ангела Меркель ханым мен Франция Республикасының Президенті Эммануэль Макрон мырза ынтымақтастық және интеграция туралы жаңа келісімге қол қойды. Бұл келісім - 1963 жылғы Елисей келісімін жаңартып, толықтырады. Ол біздің мемлекеттерді қазіргіден де қауіпсіз, ұйымшыл, тұрақты және жаңашыл етуі керек.       

Аахен келісімі - мемлекеттердің қауіпсіздігін арттырады

Бұл - бейбітшілікке бағытталған жаңа серіктестік. Бейбітшіліктің Еуропада 70 жыл бойы сақталуы - ең алдымен франко-неміс татуластығы мен достығының жемісі. 1963 жылғы Елисей келісімінің мақсаты - Германия мен Францияны татуластыру болған. Аахен келісімінің көздейтіні - елдеріміздің ортақ қауіпсіздігінің ортақ мақсатқа айналуы. Келісімде біздің еуропалық және халықаралық міндеттемелерімізге негізделген қорғаныс жөнінде бөлім бар. Соған сәйкес, егер Германия немесе Франция территорияларына қандай да бір қарулы шабуыл жасалатын болса, олар қарамағындағы барлық амал-тәсілдерді қолданып, бір-біріне қолдау көрсетуі және көмек беруі тиіс. Нақтырақ айтқанда, мысалы, террористік шабуыл болған жағдайда, көмекке мұқтаж тарапқа қажетті көмек пен барлау қызметі жұмылдырылады. Осы арқылы әр мемлекет бір-бірінің қауіпсіздігіне айрықша назар аударатынын батыл және нақты түрде дәлелдейді. Қорғаныс саласында, біз өз қарулы күштерімізге ортақ мәдениетті енгізу және әскерлерді бірге орналастыру мәселесімен айналысудамыз. Бұл жұмысқа жетекшілік ететін қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі франко-неміс кеңесін құрамыз.

Аахен келісімі - Франция мен Германияның бірігуін көздейді

Бұл келісім - біздің экономикалық және әлеуметтік үлгілеріміздің одан әрі жақындастырылуын, сонымен қатар халықаралық ұйымдардағы ұстанымдарымыздың бірігуі мен шекарамен шектес аудандардағы нормативтік актілердің топтастырылуын әрі экономикалық талдауларымыздың біріктірілуін қарастырады. Осыған орай, біз франко-неміс цифрлық платформасын құрамыз. Онда аудиовизуалды және ақпараттық материалдар жинақталады. Франко-неміс азаматтық қоғамының бастамалары мен жаңа «туыстастық» түрлерін қаржыландыру үшін франко-неміс азаматтық қорын құрамыз. Екі мемлекет үкіметтеріне экономикалық саясатқа байланысты ұсыныстарды дайындайтын экономикалық мәселелер жөніндегі франко-неміс сарапшылар кеңесін құрамыз. Бұл шаралар мемлекеттеріміздің өзара түсіністігінің артуына және жақындасуына септігін тигізеді.

Аахен келісімі -  тұрақты даму үшін инновациялар санының артуы

Бұл келісім - зерттеулер мен цифрлық түрлендіру саласындағы, әсіресе жасанды сана мен серпілісті инновациялар бойынша ынтымақтастықтың одан әрі артуына байланысты ортақ талпынысты дәлелдейді. Париж келісімі шеңберіндегі климаттың өзгеруіне қарсы күрес - басымдықтардың бірі болып қала береді. Біз өз мемлекеттеріміздің, Еуропалық одақтың және бүкіл әлемнің тұрақты дамуы мен көміртегі төмен экономикаға өтуіне атсалысуға бар күшімізді бірге жұмсаймыз. Бұл инфрақұрылым - жаңартылатын энергия көздері мен энергетикалық тиімділік саласындағы нақты жобалар арқылы жүзеге асады.

 

Осындай ортақ әрекеттер Еуропаның күшеюіне септігін тигізеді

Біржақтылыққа құштарлық жұқпалы болып көрінетін, ұлтшылдық жаңадан жанданатын және протекционизм сауда соғыстарын туындататын әлемде, Еуропа ынтымақтастық пен ұжымдық әрекеттердің құндылықтары жайлы батыл түрде айтуға ниетті.                

Француз Республикасының Президенті мен Германия Федеративтік Республикасының Канцлері, біздің құрлықтағы бейбітшіліктің, бостандық пен дамудың фундаменталды кепілі болып табылатын Еуропалық Одақтың құрылысын жалғастыруға байланысты өздеріне  міндеттемелер алды. Жақында маңызды жаңа қадамдар жасалды: Еуропалық қорғаныс қоры ашылды және Франция мен Германия 2021 жылға дейін еуро аумағының ортақ бюджеті құрылатыны туралы келісімге қол қойды. Аахенде біз Германияның БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі болуы үшін жұмыс істейтініміз жайлы өзімізге міндеттеме алдық.

Бұл - Қазақстан сияқты серіктесіміз үшін де жақсы жаңалық

Аахен келісімі - тек қана еуропалық интеграцияның ілгерілеуіне септігін тигізіп қана қоймайды, сонымен қатар біздің халықаралық серіктестеріміз үшін де ерекше маңызды. Еуропалық одақ -  Қазақстанның басты сауда серіктесі және бірінші шетелдік инвесторы болып табылады. Франция мен Германия Қазақстанмен экономика, саясат және де адами қарым-қатынастар саласында тығыз және жемісті серіктестік орнатты. Бүгінгі күні ондаған француз және неміс компаниялары Қазақстанда жұмыс істеп жатса, мыңдаған қазақстандық жастар Франция мен Германияда білім алып жатыр. Қазақстанда біздің ортақ мүдделерімізді қорғап, ортақ құндылықтарымызды таныстыру үшін дипломатиялық миссияларымыз  бірлесе әрекет етуде.  

Германия БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің 2019-2020 жылдардағы тұрақты емес мүшесі, ал Франция G7-нің төрағасы, осы орайда біз Қазақстанмен кез-келген көпжақты форумдар шеңберінде жұмыс істеуге әзірміз.

Еуропалық одақтың - өз тағдырын өзі басқаруға қабілетті, халықаралық серіктестеріне ашық, тұрақтылықтың орталығына айнала алатын ірі ұйым болуы үшін Германия мен Франция Аахен келісімі аясында бірге жұмыс атқарады.             

 

Филипп Мартинэ, Франция Республикасының Қазақстандағы Елшісі

Тило Клиннер, Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі