Мәжілістің кешегі жалпы отырысында «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бірауыздан мақұлданып, еліміздің бас қаржылық құжаты Сенатқа жіберілді. «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, отырыста басқа да маңызды заң жобалары қаралды. Сонымен қатар төменгі палата депутаттары қаузаған маңызды мәселелердің бірі - оралмандар жағдайы. Розақұл Халмұрадовтың айтуынша, «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында Шымкенттегі «Асар» ықшамауданында оралмандарға арналған 1725 үй салынып жатыр. Оған жалпы саны 19 мыңнан астам адам көшіп келуі тиіс. Олардың 8 мыңға жуығы мектеп жасындағы балалар екен. Ал құрылысы келер жылы аяқталатын 1200 оқушыға арналған мектепте үш ауысыммен оқытқан күннің өзінде орын жетер емес. Демек, 4 мыңнан астам бала жан-жақта оқуға мәбүр болады. Осыған орай депутат аталған ауданда 1 мектеп, 2 балабақша салуды жоспарлауды ұсынып отыр. Бұл жайында «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Депутат Үкіметке 19 мың оралманның арманын жеткізді» деген мақаладан біле аласыздар.
Кеше еліміздің стратегиялық әріптесі саналатын Францияға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі күндік ресми сапары басталып, Парижде Қазақстан басшысын қарсы алудың ресми рәсімі өтті», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Елисей мен Ақорда арасы жақындай түсті» деген мақалада. «Мемлекет басшысы сапар барысында ірі француз компанияларының жетекшілерімен бірқатар кездесулер өткізді. Жүздесулер барысында Қазақстан-Франция инвестициялық ықтымақтастығын үлкен ауқымдағы перспектикалық және өзара тиімді бағыттар бойынша кеңейту мәселелері талқыланды», делінген мақалада.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында «ЕҚЫҰ-ның беделін қалпына келтірудегі Қазақстанның үлесі зор» деген тақырыппен сұхбат жарияланды. Сұхбат беруші ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, Имидждік жұмыс басқармасының бастығы Асқар Әбдірахманов. Тілші сауалдарына тыңғылықты жауап берген ресми өкіл: «Бір атап айтарлығы, тек қана ЕҚЫҰ-ның шеңберінде шешілетін мәселелер көп. Былай қарасақ, НАТО-ның құрамында Ресей жоқ, ҰҚШҰ-ның құрамында АҚШ жоқ. Алайда олардың арасында қандай да бір диалог болуы тиіс қой. Міне, ЕҚЫҰ осындай диалог үшін аса маңызды орын болып табылады. Әрі Қазақстанның осы диалогқа араласуын, бітімгершілік миссиясын халықаралық ұйымның бізге деген сенім артуы деп түсінген жөн. Яғни бұдан шығатыны, әлемдегі ірі, беделді мемлекеттердің үкіметтері бізге сенім артып қана қоймай, сол сенімі арқылы біздің қол жеткізген жетістіктерімізді мойындап отыр деуге болады», - дейді.
Сондай-ақ «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Гитлердің соңғы мекені Антарктида ма?» деген мақала басылды. Мақалада Гитлердің өміріне қатысты түрлі деректер қамтылған. «Ал 1945 жылы 2 мамыр күні неміс танктерінің қалқалауымен кеңес әскерінің қоршауынан сытылып шыққан жүк машиналарында Гитлер болып еді. Ол Балтық теңізінің жағасында орналасқан Гамбург қаласына жетіп, сол жерде күтіп тұрған сүңгуір қайықтарға отырып, Антарктидаға аттанған деген дерек бар. Бұл оқиға аңыз ба, әлде ақиқат па, әзірше оны ешкім нақты айта алмайды. Бірақ әлі талай жорамалдар жасалып, деректер анықтала жатар», делінген мақалада.
***
«Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі (ШҰАӨ) Халықтық саяси консультативтік кеңесінің төрағасы Асқат Керімбайды қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті бүгінгі нөмірінде. Әңгіме барысында Халықаралық «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық орталығын пайдалануға беру мәселесі талқыланған. Сенат Төрағасының пікірінше, бұл жобаны жүзеге асыру шекаралық аймақтардағы экономиканы қарқынды дамытуға, екі мемлекеттің транзиттік әлеуетін пайдалануға ықпал етеді. Сонымен қатар Қ.Тоқаев кездесу кезінде қонаққа биылғы 1-2 желтоқсанда Астанада болатын ЕҚЫҰ Саммитіне әзірліктің барысы туралы айтып берді. А. Керімбай өз кезегінде Халықаралық «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық орталығының құрылысы аяқталу кезеңінде екенін жеткізіп, ШҰАӨ-де әлеуметтік-экономикалық даму саласында ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылып жатқандығы жайлы Сенат төрағасын хабардар еткен.
***
«Нұр Астана» газетінің бейсенбілік нөмірінде Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Бекеновтен алынған сұхбат «Қазақ өз ішінен «бүлінгелі» тұр» деген тақырыппен берілді. Сұхбатқа елімізде қалыптасқан діни ахуал арқау болған. «Алайда, қазақ өз ішінен «бүлінгелі» тұр. Ислам арасында жат пиғылды діндер кеңінен қанат жая бастады. Уахабшылар тәрізді ел арасына іріткі салатын ағымдарды Үкімет дер кезінде ауыздықтамаса болмайды. Уаһабизмге, басқа да пиғылы жат ағымдарға қарсы белсенді күреспесек, онда мемлекеттілігімізге, ұлттық тұтастығымызға қатер тенеді», - дейді депутат.
***
«Астана ақшамы» газетінің жазуынша, елордаға Азия Олимпиадалық кеңесінің делегациясы келді. Ұйымның Вице-президенті Тимоти Фок бастап келген меймандар Астанада салынып жатқан спорт нысандарының жағдайымен танысқан. «Азияданың басталатын уақыты жақындап қалды. Бұл елеулі шараға Қазақстан өте белсенді дайындық жасап жатқандығына көзіміз жетіп отыр. Қысқы Азия ойындары жаңа-жаңа дамып келе жатқанын ескеретін болсақ, сіздердің аяқ алыстарыңыз бізді қатты қуантты. Қазақстанның Азиада нысандарын өте қысқа уақытта салып бітіріп қалғанына таңданысымызды жасырмаймыз», - дейді Т.Фок.