Элиталық АИТВ контроллерлері деген кімдер
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — АИТВ жұқтырған адамдардың арасында арнайы ем қабылдамай-ақ денсаулығын қалыпты күйде сақтай алатын аз ғана топ бар.
Антиретровирустық терапияға (АРТ) жүгінбей-ақ, бұл адамдардың иммундық жүйесі вирусты тиімді түрде басып отырады. Оларды «элиталық контроллерлер» деп атайды.
СҚО АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі орталықтың жұқпалы аурулар дәрігері Мұқағали Шамұраттың айтуынша, ағзасында АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) болғанымен, элиталық контроллерде 15–25 жыл бойы клиникалық тұрғыда ЖИТС (жүре пайда болған иммунтапшылығы синдромы) дамымайды.
— Бірақ бұл адамдар мүлде ЖИТС-ке шалдықпайды деген сөз емес. Ауру дамуы мүмкін, мәселен қарапайым адамда емделмеген жағдайда АИТВ 10-15 жылда ЖИТС-ке айналады. Контроллерлерде бұл баяу жүреді. Себебі, вирус қан құрамында көбейе береді. Ерте ме, кеш пе, оқшаулау бұзылуы мүмкін, — дейді Мұқағали Шамұрат.
Маманның айтуынша, элиталық контроллерлерден бөлек емдеуден кейінгі контроллерлер тобы бар. Олар белгілі бір уақыт ем қабылдап, кейін тоқтатқаннан кейін де вирустың белсенділігін төмен деңгейде ұстап тұра алатындар.
— Элиталық контроллерлердің ағзасы АИТВ-мен қалай күресетінін ғалымдар нақты әлі тапқан жоқ. Контроллер өте аз, барлық жұқтырғандардың 0,5% ғана. Бірнеше болжам бар, бірақ бұл теориялар мұқият тексеруді және растауды қажет етеді.
Ғалымдардың пайымдауынша, бұл құбылыс ерекше вирустық резервуарларға байланысты болуы мүмкін. Олар — вирус жасырын түрде сақталып, ауру белгілерін тудырмай өмір сүре алатын жасушалар немесе олардың бөліктері. Бұл жерде вирус көбейе алады, бірақ ағзаның басқа бөліктерімен салыстырғанда анағұрлым баяу жүреді.
Элиталық контроллерлердің ағзасындағы «ұйқыдағы» АИТВ бар резервуарлар ағзада жүйелі түрде орналасқан. Мұндай ұйымдасқан орналасу вирусты тиімді бақылауға көмектеседі, өйткені иммундық жүйе реттелген, белгілі бір тәртіппен жиналған жасушаларды жақсырақ танып, олармен тиімді күресе алады деген болжам бар, — дейді орталық дәрігері.
Элиталық АИТВ контроллерлерін зерттеудің ғылымға пайдасы бар.
— Элиталық контроллерлерді зерттеу вирусқа қарсы бақылау жүргізетін тетіктерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Элиталық контроллерлерде АИТВ бірқалыпты тұрғанына қарамастан, кейбіреулерінің ағзасында көбейе алатын вирус түрі де кездеседі. Мұндай вирусты зерттеу құрылымдық ерекшеліктерін түсінуге көмектеседі.
Иммундық жүйенің вирусқа қалай төтеп беретінін анықтайды.
Болашақ вакциналар мен дәрілік емдеулерді жетілдіруге бағыт береді.
Элиталық контроллерлер — адам ағзасының АИТВ-мен күрестегі ерекше мүмкіндіктерін көрсететін сирек құбылыс. Олар ғылымға болашақта АИТВ-ны толық емдеу немесе мүлде болдырмау жолдарын табуға көмектесуі мүмкін, — дейді Мұқағали Шамұрат.
Дәрігердің айтуынша, АИТВ адамнан адамға биологиялық жолмен, қан, шәует, қынап бөлінділері және ана сүті арқылы жұғады. Бірақ бұл ауру, мысалы, сүйісу немесе бір кесе арқылы су ішу кезінде жұқпайды.
Вирусты жұқтырғаннан кейін ол алғашқы айларда тез тарайды. Бірақ науқастар оны жұқтырғанын кеш біліп жатады, себебі ауру белгілері басқа дертпен ұқсас келеді.
— Егер дене қызуы көтерілсе, бас ауырып, дене бөртсе, тамақ ауырып, лимфа түйіндері үлкейсе, диарея, жөтел пайда болып, салмақ жоғалтқан жағдайда кешіктірмей дәрігерге көрінген жөн. АИТВ-дан толық емдейтін препарат жоқ. Алайда толық тәуір болып кеткен жағдайлар сирек болса да кездеседі. Науқастар химия және антиретровирустық терапиядан кейін, дің жасушасын трансплантациялағаннан кейін жазылған. Бірақ, бұл да әлі толық зерттелмеген.
Қазіргі уақытта АИТВ-ның вирустық жүктемесін және оны жұқтыру қаупін 96% дейін төмендетуге мүмкіндік бар. Ол бір немесе бірнеше дәріден тұратын антиретровирустық терапия арқылы мүмкін. Ауруды осылайша бақылауда ұстау арқылы АИТВ жұқтырған адам толыққанды өмір сүре алады, отбасын құрып, бала сүюіне болады. Дегенмен, кейбір шектеулер — қан доноры болуға және баланы емізуге тыйым сақталады, — дейді Мұқағали Шамұрат.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы АИТВ таралуы орташа өңірлер тобына ауыстырылғанын жазған едік.