Элизабет Тұрсынбаева мен Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан Гран-при маусымының алғашқы кезеңінде бақ сынайды
Бүгін американдық Милуоки қаласында мәнерлеп сырғанаудан Skate America кезеңіндегі Гран-при сериясының жаңа маусымы басталады.
Дүбірлі додада Қазақстанның намысын қыздардан «Skate Canada Autumn Classic» турнирінде алтын медаль иеленген Элизабет Тұрсынбаева қорғайтын болады. Ал Гран-придің бірінші кезеңіндегі наградаға үміткерлер арасында Сочидегі Олимпиада ойындарының және Шанхайдағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен бар. Әлемнің үздік ерлер мен әйелдер мәнерлеп сырғанаушыларының арасында өтетін турнир 6 кезеңнен тұрады. Қытысушылар еркін бағдарлама, жұптық сырғанау және мұз биі санаттары бойынша сынға түседі. Жарыстың ең үздік алты спортшысы жыл соңында Гран-при турнирінің ақтық сайысына қатысуға жолдама алады. Биылғы турнирге 15 жастан асқан спортшылар қатыса алады. Гран-при маусымының кезеңдері - 2015: 1 кезең: «Skate America 2015» АҚШ, Милуоки 23-25 қазан. 2 кезең: «Skate Canada 2015» Канада, Летбридж 30 қазан және 1 қараша. 3 кезең: «Cup of China 2015» Қытай, Бейжің 6- 8 қараша. 4 кезең: «Trophée Eric Bompard 2015» Франция, Бордо 13-15 қараша. 5 кезең: «Cup of Russia 2015» Ресей, Мәскеу 20-22 қараша. 6 кезең «NHK Trophy 2015» Жапония, Нагано 27-29 қараша. Гран-при кезеңінің финалы: Испания, Барселона 10-13 желтоқсан. Мәнерлеп сырғанаудан 2015/2016 Гран-при маусымының алғашқы кезеңі қазан айында басталса, соңғы кезеңі желтоқсан айында аяқталады. Ал, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 25 қазан күні сағат 00:45-те Гран-при турнирінің гала-шоуын тікелей эфирде көрсетеді.