Бүгін Ресейдің Красноярск қаласында қыздар арасында мәнерлеп сырғанаудан сайыс аяқталды. Қызылорда облысының түлегі екі бағдарлама нәтижесі бойынша 214.77 ұпай жинады. Аталмыш додада жеңіс 220.68 ұпай жинаған Мая Михараның еншісінде кетсе, үшінші орын 205.91 ұпаймен ресейлік Станислава Константиноваға бұйырды.
«Қазақстанның қоржынына күміс медаль сала алғаныма қуаныштымын. Осы сайыста қолдау білдірген барлық жанкүйерлерге рахмет айтамын», - деп алғысын білдірді Элизабет Тұрсынбаева.
Сонымен қатар, еркін бағдарламада өнер көрсеткеннен кейін Элизабет ресейлік басылымдарға күрделі элемент - төрт реттік сальховтың сәтті орындалмауын түсіндірді.
«Ойдағыдай орындап шыққаныма көңілім толып отыр. Жаттығу кезінде орындап жүргеніммен төрт реттік сальхов сәтсіз болды. Төрттік шамамен орындалды. Күрделі элементтердің бәріне күш қайдан десеңіздер - бәрі де жаттығудың арқасы», - дейді ол.
Элизабет Тұрсынбаеваның «Универсиада-2019» сынындағы өнер көрсеткенін мына сілтемеден көруге болады.
Еске сала кетсек, Элизабет Тұрсынбаева қазіргі уақытта ресейлік бапкер Этери Тутберидзенің жетекшілігімен жаттығуда. 2018 жылғы Олимпиадада Этери Тутберидзенің шәкірттері Алина Загитова мен Евгения Медведева алтын және күміс медальді жеңіп алған болатын.
Еламан Тұрысбеков