«Елімай» футбол клубына жаңа бапкер тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Шотландиялық маман Питер Левен «Елімай» футболының бас бапкері болды.

Фото: Видеодан скрин

«Елімай» футбол клубының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Питер Макдональд Левен 1983 жылы 27 қыркүйекте Глазго қаласында дүниеге келген. 
П.Левен жаттықтырушы ретінде біраз табысқа қол жеткізген. Ол 2025 жылы Шотландия кубогын жеңіп алған «Абердин» клубының бапкерлік штабында болды. Үш рет бас бапкер міндетін атқарды.

Одан бұрын, 2022 жылы Ресей Премьер-лигасына жолдама алған «Оренбург» клубында чехиялық маман Марцел Личкаға көмектесті. Сондай-ақ «Динамо» (Брест) құрамында жұмыс істеген кезінде клуб 2018 жылы Беларусь кубогына ие болды. 2019 жылы аталмыш команда чемпион атанса, 2019 және 2020 жылдары суперкубокқа қол жеткізді.

Левен — «Рейнджерс» академиясының түлегі. Спортшы мансабында 300-ден астам матч өткізіп, «Килмарнок», «Глазго Рейнджерс» және Шотландия жастар құрамасы сапында өнер көрсетті.

Бұған дейін «Елімай» клубын баптаған қазақстандық маман Андрей Карпович қазан айының аяғында қызметінен кеткен еді. Семейлік команда 2026 жылғы маусымда 45 ұпай жинап, алтыншы орынды қанағат тұтты. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан Қазақстан құрамасы елордада Словакиямен тең ойнағанын жазған едік.