Ат үстіндегі тартыс: поло спортына қызығушылық артып келеді
Жүргізуші аяқ басқан алғашқы аялдама Арғымақ спорт кешені. Мұнда көпшілік біле бермейтін ерекше спорт түрімен айналысатын клуб бар. Шабандоздар ат үстінде доп қуалап, қарсыластың қақпасына дәл соғуға тырысады. Бұл — поло ойыны.
Полоның тарихы тереңде жатыр. Оның тамыры Азиямен байланысты. Ал Орталық Азия көшпенділерінің, соның ішінде қазақ халқының да ат үстінде ойналатын дәстүрлі ойындары болған. Соның бірі — шөген. Кей деректерде «шауған» деп те аталады. Бұл ойында шабандоздар арнайы таяқшамен допты қарсылас қақпасына бағыттайды.
Қазақстанда поло спорты енді ғана дамып келеді. Алайда отандық ойыншылар халықаралық жарыстарға қатысып, ел намысын қорғап үлгерген.
- Аптасына екі рет жаттығамыз. Жалпы, атқа күн сайын мініп, жаттығу жасаймыз. Астанаға көшіп келгеніме екі жылдан асты. Бұл спорттың осында дамып, қолға алынғанын көріп, өзім де қызығып, қатарға қосылдым. Поло ойынында ойыншы мен аттың жарақат алмауына бағытталған ережелер бар. Мысалы, шабандоз допты соғып келе жатқанда, оған басқа ойыншылар кедергі келтірмеуі керек. Бұл ойында қауіпсіздік шаралары барынша ескерілген. Өзім 40 жастан асқандықтан, жарақат алу қаупі жоғары спорт түрлерінен гөрі осы спортты жөн көремін, - Полодан ұлттық құрама мүшесі Заңғар Бахиев.
Астананың жаңа келбеті: жол инфрақұрылымы мен білім кеңістігі
Елордада бір жерде көне дәстүр жаңғырып жатса, қаланың келесі бөлігінде болашақтың іргесі қаланып жатыр. Қала көшелерінің қай тұсына барсаңыз да, құрылыс жұмыстарын көруге болады.
Соның бірі — Астананың оң жағалауындағы Н. Тілендиев даңғылы мен Ш. Бейсекова көшесін жалғайтын екі деңгейлі көпір. Жоба көлік қозғалысын жеңілдетіп, әсіресе қарбалас уақытта сағаттап созылатын кептелісті азайтуға бағытталған.
Сегіз жолақты көпірдің құрылысына 200-ге жуық адам жұмылдырылған. Қазір мұнда жол төсемін төсеуге кіріскен. Оған дейін инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жүргізіліпті. Көпір құрылысы келер жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі.
- Бұл көпір Көкшетау жағынан қалаға кіреін көліктерге сол жағалауға, ал оңтүстік бағыттан келетіндерге оң жағалауға бірден өтуге мүмкіндік береді. Қазір көпірдің металл құрылымын монтаждаудың сегіз кезеңі де аяқталды. Енді гидрооқшаулау үшін мастикалық материал төселіп, кейін асфальт жабыны жүргізіледі, - деді Астана қ. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Бауыржан Күмісбеков.
Таяуда ғана құрылысы аяқталған тағы бір нысан бар. Ол «Сарыарқа» ауданында орналасқан 750 орындық жаңа Оқушылар сарайы. Мұнда балалар спортпен шұғылданып, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыта алады.
- Бұл кабинетте оқушыларға қажетті барлық жағдай жасалған. Мұнда робот құрастыруға арналған түрлі бөлшектер, ыңғайлы парталар бар. Оқушылар осы жерде робототехниканы меңгеріп, болашақта Қазақстанға қажет ірі жобаларды жүзеге асыра алады. Мысалы, тек ойыншық роботтармен шектелмей, компьютерлер, ұялы құрылғылар және басқа да технологиялық жобаларды әзірлеуге мүмкіндік бар, - дейді 8-сынып оқушысы Нұрдәулет Азаматұлы.
Орталықта хореография, үстел теннисі, нейрофитнес, шахмат , робототехника және басқа да бағыттар бойынша қосымша сабақтар ұйымдастырылады. Жаңа нысан оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
- Оқушылардың робототехника саласында жетістікке жетіп, халықаралық жарыстарға қатысуына мүмкіндік мол. 2017 жылдан бері осы бағытта тереңдетіп оқыту жұмыстарымен айналысамыз. Балаларға сабақтан кейін де келіп, тегін білім алуға жағдай жасалған. Қазір 400 оқушыны қамтуды мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар, өзіміз де жарыстар ұйымдастырамыз. Робот құрастыруға қажетті бөлшектердің түр-түрі қолжетімді. Бұл балаларға өз идеяларын жүзеге асырып, күрделі роботтар жасауға мүмкіндік береді, - дейді роботехника үйірмесінің жетекшісі Олжас Айтжанов.
Жедел жәрдемнен күрделі отаға дейін: елордалық аурухананың жұмысы
Бас қала үшін қарқынды құрылыс қана емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен денсаулығы да маңызды. Әсіресе, адам өміріне араша түсетін жедел медициналық көмектің қолжетімді болуы қажет.
Осыны ескерген жүргізуші Астанадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың жұмысымен танысты. Шұғыл медициналық көмек қажет болғанда, жедел жәрдем науқастарды осы ауруханаға жиі жеткізеді.
Мұны қабылдау бөліміне жүгінетін науқастар саны да айғақтайды. 2025 жылы мұнда 121 366 адам жүгінген. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында 63 824 адам медициналық көмек алған.
Мұнда шұғыл көмек көрсетумен қатар, күрделі оталар да жасалады. 2025 жылы дәрігерлер 25 503 операция жүргізсе, биылғы жылдың алғашқы жартысында 12 134 ота сәтті өткен.
Ауруханада туу көрсеткіші де жоғары. Былтыр мұнда 11 004 сәби дүниеге келсе, биылғы жылдың алғашқы алты айында 4 817 бала туған.
- Екінші қалалық көпбейінді аурухана жұмысының шамамен 70 пайызы жедел жәрдем арқылы түскен науқастарға көмек көрсетуге тиесілі. Ал негізгі бағыттың бірі жедел коронарлық синдром мен ми қан айналымының бұзылуын емдеу. Қазір бізде екі ангиограф аппараты жұмыс істеп тұр, үшіншісін жақын арада іске қосу жоспарланған. Заманауи аппараттардың көмегімен бұрын үш-төрт сағатқа созылған күрделі операцияларды шамамен бір сағатта жасауға мүмкіндік бар, - деді ангихирург Марат Әлиханов.
Спортты сүйген елорда: тұрғындар жарыстарға белсенді қатысады
Елорда тұрғындары салауатты өмір салтына ден қойған. Таң сәріден жүгіруге шығып, жаттығу жасайтын жастарды да, қарттарды да жиі кездестіруге болады.
Қалада бұқаралық спорт шаралары да жиі ұйымдастырылады. Әсіресе, марафондар мен түрлі спорттық жарыстарға қатысатындар көп.
Мұны велошеруге қатысуға келген Арсен Жансбай да атап өтті. Оның айтуынша, Астанада екі апта сайын түрлі спорт түрінен жарыстар өтеді. Тұрғындардың мұндай шараларға қызығушылығы да жоғары.
- Астанада екі-үш апта сайын түрлі спорттық іс-шаралар өтеді. Жүгіру, веложарыс, волейбол, футбол сияқты жарыстар жиі ұйымдастырылады. Өзім де мүмкіндігінше бәріне қатысуға тырысамын, өйткені спортпен айналысқан ұнайды. Жалпы, елорданың жақсы дамып келе жатқанын Instagram-нан да, күнделікті өмірде де байқап жүрмін, - деді ол.
Қазақ ұлттық спорт университеті: жаңа мамандықтар мен тың мүмкіндіктер
Спорттың дамуы тек жарыстар мен жеңістерге байланысты емес. Оның артында кәсіби мамандарды даярлау, жас спортшыларға жол ашу және ғылыми ізденіс жатыр.
Бұл бағытта елордадағы Қазақ ұлттық спорт университетінің орны ерекше. Әсіресе, бұл оқу орнында спорт медицинасы, спорт менеджменті, спорттағы жасанды интеллект пен аналитика, спорт журналистикасы, туризм және киберспорт бағыттары дамып келеді.
- Биыл спорттық туризм мен спорттағы IT-аналитика бағыттары да ашылды. Киберспортқа қызығушылық танытатын талапкерлердің саны да артып келеді, - деді Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева.
Қазір университетте 5 мыңға жуық студент білім алады. Былтыр 3 мыңға жуық талапкер оқуға қабылданған. Мұндағы ерекшелік бакалавриат бағдарламаларының үш жылға есептелуі. Студенттер арасында бапкерлік, спорттық реабилитология және спорт менеджменті бағыттарына сұраныс жоғары.
- Университет шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, қос диплом бағдарламаларын жүзеге асырады. Мәселен, Executive MBA спорт менеджменті бағдарламасы аясында биыл 20 магистрант Францияның Париж және По қалаларында білім алып, қос диплом алу мүмкіндігіне ие болды, - деді Тұрсынзада Қуанғалиева.
Айта кетейік, бұған дейін Астананың өзгерісін тұрғындар қалай бағалайтыны жайлы бағдарламаның бірінші саны шыққан еді.