Олардың қатарында күміс жүлдегер Эльмира Сыздықова мен қола медаль иегерң Зейнеп Баянова бар.
Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрсұлтан Теміров сары құрлық додасын қорытындылап, команда алдына қойылған мақсаттың орындалғанын айтты.
— Меніңше, Азия ойындарында қойған мақсат, жоспарымыз толық орындалды. Қыздарымыз жақсы өнер көрсетті. Азия құрлығында мықты державалар бар. Солардың арасында төртінші орын алдық. Алтын жүлде үшін дайындық та, мүмкіндік те жеткілікті болды. Бірақ сәл сабыр мен сәттілік жетіспеді. Алдағы уақытта әйелдер күресін бұдан да жоғары деңгейде дамытуға күш саламыз, — деді Нұрсұлтан Теміров.
Ал тәжірибелі балуан Эльмира Сыздықова жарыста алтын жүлдеге қол жеткізе алмағанына тоқталып, оған дайындықтың аздығы мен тактикалық қателіктер әсер еткенін айтты.
— Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Бір өкініштісі, алтын жүлде ала алмадым. Маған сәл уақыт жетпеді. Себебі Азия ойындарына үш ай дайындалдым. Сондай-ақ тактикалық жағынан да кемшіліктер кетті, — деді Эльмира Сыздықова.
Қарағандылық спортшы алдағы жоспарын айтып, Астанада өтетін әлем чемпионатына қатыспайтынын жеткізді.
— Бізде он бірінші қазаннан бастап әлем чемпионатына арналған оқу-жаттығу жиыны басталады. Қыздар дайындалады. Мен соларға көмектесемін. Өзім Астанадағы әлем чемпионатына қатыспаймын. Ендігі басты мақсатым — Лос-Анджелес Олимпиадасына бақ сынау, — деді балуан.
Ал Зейнеп Баянова жартылай финалдағы белдесуде өзін физикалық тұрғыдан әлсіз сезінгенін айтты. Сондай-ақ ол жаңа салмаққа ауысқанына көп уақыт болмағанын атап өтті.
— Жартылай финалдағы қарсыласым мықты балуан болды. Өзімді физикалық тұрғыдан сәл әлсіз сезіндім. Бұған қоса, алған жарақатым бар. Жаңа салмаққа ауысқаныма көп уақыт болған жоқ. 50 келі салмағы менің оң жамбасыма жақсы келеді екен. Алдағы уақытта жүйелі түрде дайындалып, Астанадағы әлем чемпионатында жүлдеге ілігуді көздеп отырмын, — деді Зейнеп Баянова.
Айта кетейік, Жапонияда өткен Азия ойындарында ел қоржынына әйелдер күресінен балуандарымыз 1 күміс, 2 қола медаль еншіледі.