Эльмира Сыздықова күрестен Азиаданың финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында күрес түрлерінен жарыс жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

76 келідегі Эльмира Сыздықова жартылай финалда Вэньцзи Лимен (Қытай) тартысты белдесу өткізіп, 9:8 есебімен басым түсті. Ол финалда жарыс қожайыны Юка Кагамимен алтын жүлдені сарапқа салады.

Ерлер арасында 125 келіде танылып үлгерген Едіге Қасымбек 1/2 финалда 3 дүркін әлем чемпионы, 2 мәрте Олимпиада жүлдегері Амир Хоссейн Заремен (Иран) лайықты күресіп, 3:3 есебімен тең түсті.

Бірақ соңғы нәтижелі әдісті жасағаны үшін қарсылас жеңімпаз ретінде танылды.

50 келідегі Зейнеп Баянова 1/2 финалда осы салмақтың басты фавориті, Токио Олимпиадасының чемпионы, 4 дүркін әлем чемпионы Юи Сусакиға (Жапония) 0:4 есебімен жол берді.

Финалдық кезең Астана уақытымен 14:00-де өтеді.

Осыған дейін Зейнеп Баянованың жартылай финалға жолдама алғаны туралы жаздық.