— Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берілген тапсырмасын орындау мақсатында 2026 жылғы 19-20 мамыр аралығында Астана қаласында «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиум өткізу жоспарланған. Симпозиумды өткізу Қазақстанның ұлттық бірегейлігін нығайтуға, елімізді Алтын Орданың құқықтық мұрагерлерінің бірі ретінде танытуға ықпал етеді. Сонымен қатар Ұлы Дала дәуірін зерттеудегі халықаралық ғылыми беделін арттырады, — деді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомство мәліметінше, ғылыми жиынға барлығы 350-ден аса делегат қатысады деп жоспарланған.
— Олардың қатарында халықаралық ұйым өкілдері, беделді шетелдік ғалымдар, қазақстандық тарихшы-ғалымдар бар, — деп нақтылады Мәдениет министрлігінен.
Таяуда батысқазақстандық ғалымдар Алтын Орда дәуіріне жататын жаңа археологиялық нысандарды тапқан еді.