Оның айтуынша, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға бірнеше бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Оларға жалға берілетін баспана, 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека, тұрғын үй сертификаттары және пәтер жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау кіреді.
— Биыл тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды мемлекеттік қолдау аясында баспанамен қамтамасыз ету үшін 155,5 миллиард теңгеге 12,6 мың кредиттік тұрғын үй салу және сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қоса әкімдіктерге облигациялық қарыз беру арқылы 269 миллиард теңгеге 13,5 мың жалға берілетін пәтер салу және сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 71,9 миллиард теңгеге 3,5 мың жалға берілетін тұрғын үй сатып алу қарастырылды, — деді спикер.
Ведомство өкілінің дерегінше, жалпы биыл Қазақстанда 20,4 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 188 мың пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ал алғашқы сегіз айда 11,3 миллион шаршы метр тұрғын үй, яғни 105,9 мың пәтер пайдалануға берілген. Бұл — жылдық жоспардың 55,3 пайызы.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека берілетіні жөнінде жаздық. Биыл осы бағытта 12,6 мың қарыз беру жоспарланған. Оған 175,1 миллиард теңге қарастырылған.