Елімізде 1 шақырым автожол салуға қанша қаражат кетеді

АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ елімізде 1 шақырым жол салу үшін қанша қаражат жұмсалатынын мәлімдеді.

Фото: Kazinform

«Қазіргі сметалық-нормативтік базаға сәйкес, халықаралық және республикалық маңызы бар І-б техникалық санаттағы (қозғалысқа арналған 4 жолағы бар) 1 шақырым жолды салу және жаңғырту құны орташа есеппен 1,5-2 млрд теңгені, ІІ техникалық санаттағы (қозғалысқа арналған 2 жолағы бар) 1 шақырым жолды салу және жаңғырту құны — орта есеппен1-1,2 млрд теңге» делінген аталған компанияның агенттік сауалына берген жауабында.

«ҚазАвтоЖол» ұсынған дерекке қарағанда, Еуропа елдерінде І техникалық санаттағы автожолдың 1 шақырымының құны 3,5 млрд теңгеден (Польшада — 3,5 млрд теңге, Германияда — 3,8 млрд теңге, Австрияда — 5,5 млрд теңге) басталады.

Бұл Қазақстанда жұмсалатын қаржыдан 2 есе көп.

Таяу шетелдерде 1 шақырым жолдың құны 3 млрд теңгеден (Қытайда — 12 млрд теңге, Ресейде — 3 млрд теңге) басталып, қымбаттай береді.

«Сонымен қатар 1 шақырым жолдың құны жоба жүзеге асырылатын аумақтық жерге (мәселен, республиканың батыс өңірлерінде инертті материал жоқ болғандықтан оны тасымалдауға тура келеді. Сондықтан жол құны да көтеріледі), жасанды құрылыстар санына, демалыс алаңдарына және басқаларына байланысты. Бұған қоса, автожолдың құн көрсеткіштері әлемдік экономикалық көрсеткіштерге орай материалдық ресурстардың қымбаттауы мен еңбек шығыстарына байланысты екендігін атап өткіміз келеді. Мәселен, инфляция жылдың әр жаңа тоқсанында өсіп отырады» деп түсіндіреді компаниядан.