Биыл 10 жылдығын атап өтіп жатқан форум «Медиа. Адам. Жасанды интеллект: он жылдық өзгеріс және сенімнің жаңа жүйесі» тақырыбына арналды.
Қанат Ысқақовтың айтуынша, 2017 жылы алғаш рет ұйымдастырылған Astana Media Week Қазақстан мен Орталық Азиядағы маңызды медиа алаңдардың біріне айналды.
— Он жыл бұрын Қазақстанда шамамен 2,5 мың БАҚ тіркелген еді. Ол кезде халықтың 75 пайызы интернетті пайдаланса, жаңалықтардың негізгі көзі теледидар болатын. Қазір елімізде 5,5 мыңға жуық БАҚ бар, интернет пайдаланушылардың үлесі 98 пайызға жетті, — деді ол.
Бірінші вице-министрдің сөзінше, халықтың ақпарат алу дағдысы да өзгерген. Қазір қазақстандықтардың шамамен 45–50 пайызы жаңалықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы алады.
— Кейінгі 10 жылдағы ең үлкен өзгеріс — медианың цифрлық кеңістікке көшуі және жасанды интеллект құралдарының кеңінен қолданыла бастауы. Осы екі фактор медиа саласын түбегейлі өзгертті, — деді Қанат Ысқақов.
Оның айтуынша, Telegram, Instagram, YouTube және TikTok ақпарат таратудың маңызды арналарына айналды. Блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғалар дәстүрлі БАҚ-пен бәсекеге түсіп, қоғамдық пікірге ықпал етіп отыр.
Бірінші вице-министр жасанды интеллект медиа саласына жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, оның қауіп-қатері де бар екенін атап өтті.
Оның сөзінше, биыл Үкімет мүшелерінің, әкімдер мен танымал журналистердің бейнесі пайдаланылған дипфейктер тараған. Олар саяси арандату және алаяқтық мақсатында қолданылған.
Қанат Ысқақов осыған байланысты медиасауаттылықты арттыру, ақпарат көздерінің құпиясын сақтау және дербес деректерді қорғау маңызды екенін айтты.
Бұған дейін Astana Media Week форумы 14-16 қазан аралығында өтетінін хабарлаған едік.