Елімізде 178 млрд теңгеге жуық қайта өңделетін қалдықтар полигонда көміліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қайта өңдеуге болатын қалдықтар көміліп жатыр. Мәжілісте Respublica фракциясы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу саласындағы олқылықтар бойынша дөңгелек үстел өткізді.
Партияның хабарлауынша, бұл проблема жылдар бойы назардан тыс қалып келеді. Қазақстан қалдықтарды қайта өңдеу бойынша әлемде 179 елдің ішінде 175-орында тұр. Көрсеткіш — небәрі 3,8%.
Салыстырмалы түрде көршілес Өзбекстан қайта өңдеуді 31,6%-ға жеткізіп, зауыттар салып, халықаралық компанияларды шикізатпен қамтып отыр. Ал Қырғызстан полиэтиленге ішінара тыйым енгізді.
— Бүгін көміп жатқан пластик жүздеген жыл бойы топырақ пен жерасты суын улайды. Біз табиғатқа орны толмас зиян келтіріп, балаларымызға уланған аумақ қалдырып жатырмыз. Ертең олар қайда өмір сүреді, қайда үй салады, балаларын қайда өсіреді? Көп адам экология — ертеңгі күннің мәселесі деп ойлайды. Жоқ, біз оны дәл қазір, өз әрекетімізбен не әрекетсіздігімізбен қалыптастырып жатырмыз. Партия мұндай жағдаймен келіспейді, — дейді Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров.
Парламенттік бақылау негізгі механизмнің істен шыққанын да, қауіпті тенденцияларды да анықтады. Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау саладағы негізгі мәселелерді атады.
— Елде қалдықтардың нақты көлемі туралы ешбір дерек жоқ, бірақ соған қарамастан орасан қуатты қоқыс жағу зауыттарын салу бойынша инвестициялық келісімдер жасалған. Сонда олардың қуаты неге негізделген? Егер нақты дерек болмаса, олар нені жағады?, — дейді депутат.
Respublica фракциясы Үкіметке РОП реформасын жасауды ұсынып отыр. Себебі «Жасыл даму» АҚ үш жылда жоспарланған 7,5 млрд теңгенің орнына жинаушыларға тек 4,6 млн теңге (0,06%) төлеген. Бұл қайта өңдеу кәсіпорындарының жаппай жабылуына әкелді.
— Біздің мақсат — сын айту емес, нақты жол картасын әзірлеу. Біз РОП қаражатының ашықтығын қамтамасыз етуді, өндірушілердің ұжымдық жауапкершілігін енгізуді және иммитация емес, шын мәнінде жұмыс істейтін қайта өңдеу жүйесін қалыптастыруды талап етеміз, — деді Нұргүл Тау.
Отырыста мемлекеттік орган мен бизнес өкілдері де өз позицияларын білдірді.
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаевтың айтуынша, елде 3 мыңға жуық полигон бар, оның 80%-ы экологиялық талаптарға сай емес. Көпшілігі 1970-1990 жылдары қорғаныс жүйелерінсіз салынған. Бөлек жинау дамымаған. Ал заманауи полигондар салуға бюджет қаражаты жеткіліксіз.
Respublica фракциясы Үкіметтен нақты шешімдер қабылдауды талап етіп, қалдықтарды басқару жүйесін түбегейлі реформалайтын Ұлттық бағдарлама әзірлеу үшін жұмыс тобын құруды ұсынып отыр.
Айта кетейік, Павлодардың төрт ауданында тұрмыстық қалдыққа арналған полигондар салынады.
Алатау қаласында алапат өрт болған қоқыс полигоны жабылды.