Елімізде 188 мың адам асыраушысынан айрылуына байланысты көмек алып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 188 мың адам асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттен көмек алып отыр. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.

Фото: gov.kz

«2024 жылы 4 миллионнан астам адам жалпы сомасы 5,4 трлн теңге көлемінде әлеуметтік төлем алады», - делінген министрліктің мәліметінде.

Бұл төлемдердің санаты мынандай:

1) Зейнетақы төлемдерін (ынтымақты зейнетақы төлемдері, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдері, БЖЗҚ-да МЗЖ МКЗЖ сақталуына мемлекеттік кепілдіктер) 2,4 млн адам;

2) Мүгедектігі бойынша мемлекеттік базалық жәрдемақы – 547,1 мың адам;

3) Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік базалық жәрдемақы – шамамен 188 мың адам;

4) Балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар (бала тууына байланысты, 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға) - 1,5 млн адам;

5) Арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар (ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедек адамдарға, ҰОС қатысушылары және оларға теңестірілген адамдар, ҰОС-да қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері, Кеңес Одағының, Социалистік Еңбек Батырлары, үш дәрежелі Даңқ ордендерінің кавалерлері, мүгедектігі бар адамдар мен балалар және т. б.) 220,4 мың алушы;

6) Басқа төлемдер (біржолғы ақшалай өтемақылар, мемлекеттік арнайы жәрдемақылар) – 297,9 мың адам.

Сондай-ақ, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 841,2 мың адамға бір жылдың ішінде 75,9 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленеді.