Елімізде 194 бала наркологиялық науқастар тізіміне алынған

Елімізде 194 бала наркологиялық науқастар тізіміне алынған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: pixabay.com

«Қазіргі уақытта республика бойынша психикалық денсаулық орталықтарында төсек қоры 603 төсекті құрайтын балалар психиатриялық бөлімшелері, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділігі бар кәмелетке толмағандар емдеудің толық курсын алатын 27 наркологиялық бөлімше бар. Бұл орталықтардың жұмысын Алматы қаласындағы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы (бұдан әрі – РПДҒПО) үйлестіреді. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділігі бар пациенттерді есепке алу «Наркологиялық науқастардың тіркелімі» ақпараттық жүйесінде жүргізіледі», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, соңғы 3 жылда елімізде наркологиялық науқастар тізіміне алынған кәмелетке толмағандардың саны азайып келеді. Мәселен, 2020 жылы – 258, 2021 жылы – 238, ал 2022 жылы 194 бала тіркеуде болған.

«2023 жылғы 10 қазандағы деректер бойынша динамикалық байқауда 158, оның ішінде алкогольге тәуелділікпен – 95, есірткі және психотроптық заттарға тәуелділікпен 63 бала бар. Сонымен қатар, РПДҒПО-ның Павлодар қаласындағы филиалында 5 төсектік балаларға арналған медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесін ашу және балалар наркологтары мен психологтарын даярлау бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс істеп тұрған төсек қоры есірткіге тәуелді балаларға қажетті медициналық көмекті толық көлемде көрсетуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.