Елімізде 2 пайыздық ипотекаға кімдер өтініш бере алады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека беріледі. Биыл осы бағытта 12,6 мың қарыз беру жоспарланған. Оған 175,1 миллиард теңге қарастырылған. Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.

Фото: Kazinform

Оның айтуынша, 2 пайыздық жеңілдетілген ипотека тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі.

2 пайыздық ипотекаға мына азаматтар өтініш бере алады:

– Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
– жетім балалар;
– көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;
– I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
– мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
– жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
– басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
– жесірлер.

– Ипотека алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 5 ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 254 255 теңгеден аспауға тиіс. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша 3 954 азамат осы бағдарлама арқылы баспаналы болды, - деді комитет төрағасы. 

Сондай-ақ, оның айтуынша, қалған санаттағы азаматтарға табыс деңгейіне шектеу қойылмайтын 5 пайыздық ипотека қолжетімді. Жыл басынан бері бұл мүмкіндікті 2 252 азамат пайдаланған.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің 17 өңірінде жас мамандар жеңілдетілген ипотекамен үй ала алатыны хабарланды.