Елімізде 22 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйымның энергия тұтынуы бақыланады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда энергия ресурстарын көп тұтынатын кәсіпорындарға қойылатын талаптарды күшейту көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков айтты.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Оның айтуынша, қазір Мемлекеттік энергетикалық тізілімге 22 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйым енгізілген. Оның ішінде жылына 50 мың тонна және одан да көп шартты отын көлемінде энергия тұтынатын ірі кәсіпорындарға ерекше назар аударылады. Олар үшін энергия тиімділігінің белгілі көрсеткіштері нақтыланған.

– Мемлекеттік бақылау кезінде тізілім субъектілері ұсынатын деректердің дұрыстығына, энергия тұтыну нормативтерінің сақталуына, міндетті энергия аудитінің жүргізілуіне және энергия тиімділігі бойынша белгіленген көрсеткіштердің орындалуына баса мән беріледі, - деді Олжас Әлібеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның сөзінше, бақылау кәсіпорынға бару арқылы да, қашықтан да жүргізіледі. Қолда бар деректерді талдау барысында талаптардың бұзылғаны анықталса, кәсіпорынға тиісті ұсыным беріледі. Ал ол орындалмаған жағдайда нысанға барып профилактикалық бақылау жүргізу қарастырылған.

Сонымен қатар ол қазір энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған екі заң жобасы қаралып жатқанын атап өтті.

– Ұсынылған өзгерістердің бірі энергия тиімділігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Сондай-ақ Мемлекеттік энергетикалық тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін жетілдіру, энергия сервистік нарығын дамыту және энергия тиімді жобаларға бизнесті кеңінен тарту ұсынылып отыр, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Олжас Әлібековтің мәліметінше, Қазақстандағы энергияны ең көп тұтынатын 106 кәсіпорынның 53-і өнеркәсіп саласына тиесілі. Оның 30-ы өңдеу өнеркәсібінде, 23-і тау-кен металлургия кешенінде жұмыс істейді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласы мен облыста электр энергиясының бағасы өсетіні хабарланды.