Елімізде 27 сәуірде Еуропалық иммундау апталығы басталады

Фото: Фото: m.pln24.ru

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 27 сәуір мен 3 мамыр аралығында Еуропалық иммундау апталығы өтеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Иммундық профилактика мәселелері туралы» баспасөз мәслихатында айтылды.

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаеваның айтуынша, Еуропалық иммундау апталығы шеңберінде елімізде мынандай шаралар өтеді:

- дөңгелек үстелдер, брифингтер, журналистермен, блогерлермен және медиа кеңістігіндегі дәрігерлермен кездесулер;

- вакцинацияның маңыздылығын талқылау үшін педиатрларға, эпидемиологтарға, жалпы тәжірибе және басқа профильді дәрігерлерге арналған конференциялар өтеді;

- иммундаудың маңыздылығы туралы көрнекі материалдарды басып шығарып, таратылады.

Сондай-ақ, ол вакциналар мен вакцинация туралы сенімді деректер орналастырылған egu.kz сайты және 7701 сенім телефонының жұмысы ұйымдастырылғанын атап өтті.

Айта кетейік, Еуропалық иммундау апталығы (ЕИА) – 2005 жылдан бастап ДДҰ Еуропалық аймақтық бюросының бастамасымен өткізіліп келе жатқан иммундауды насихаттаудың тиімді механизмі. Оның мақсаты – иммундауға назар аудару және халықтың иммундаудың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру.

Бұған дейін елімізде баласына вакцина салдырмайтын ата-ана көбейіп келе жатқанын жазған едік.

Сондай-ақ, вакциналаудың арқасында еліміз 34 жылда қандай көрсеткіштерге қол жеткізгенін хабарлаған едік.