Атап айтқанда, 26,6 млн тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 103,3 пайызына тең. Сонымен қатар 2,4 млн тонна пішендеме (102 пайыз), 2,5 млн тонна сүрлем (89,2 пайыз), 4,6 млн тонна сабан (96,2 пайыз) және 3,9 млн тонна құнарлы жем дайындалды.
Жемшөптің негізгі түрлерін дайындау жоспарының артығымен орындалуы қосымша сақтық қорларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл алдағы қыс мезгілінде ауа райы қолайсыз болған жағдайда мал шаруашылығының тұрақты жұмыс істеуіне оң әсер етеді.
Бұдан бөлек, шаруашылықтарда өткен қыстан қалған 5,6 млн тонна жемшөп қоры бар. Бұл қор да малдың қысқы азығына қажеттілікті өтеуге жұмсалады.
Алдағы қыс кезеңінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөппен қосымша қамтамасыз ету мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ жемдік астық қорын қалыптастырады. Қажет болған жағдайда бұл қор мал шаруашылығы қожалықтарына қосымша резерв ретінде пайдаланылатын болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жемшөп дайындау науқанының барысын тұрақты бақылауда ұстап отырғанын хабарлады. Бұл жұмыс қажетті жемшөп қорын дер кезінде қалыптастыруға, мал шаруашылығы қожалықтарын жеткілікті азықпен қамтамасыз етуге және алдағы қыс кезеңін ойдағыдай өткізуге бағытталған.
Павлодар өңірінде жемшөп қаншадан сатылып жатқанын жазған едік.