43 мың қазақстандықты алдаған микроқаржы ұйымы әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымының микрокредит беру кезінде азаматтарды жаппай алдағаны әшкереленді. Тергеу дерегінше, компания қарыз алушыларға ақылы кеңес беру қызметін міндетті етіп көрсетіп, 43 мың азаматпен 181 мыңнан астам шарт жасасқан.

Фото: Total merchant resources

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті ҰҚК департаментімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен еліміздің 18 өңірінде алаяқтық әрекеттің жолын кесті.

Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың тамызында «Экспресс Займ» микроқаржы ұйымы ақылы кеңес беру қызметін енгізген. Оның құны қарыз сомасына қарай есептеліп, негізгі берешекке қосылған.

— Клиенттерге қызмет ақысын төлемейінше микрокредит ала алмайтыны немесе қарызды өтеу мерзімін ұзарта алмайтыны айтылған. Ал бұл қызметтен бас тартуға болатыны түсіндірілмеген. Осының салдарынан азаматтар қолына алуға тиіс сомадан аз ақша алғанымен, қарызды сыйақысымен қоса толық қайтаруға міндеттелген. Микрокредитті өтеу мерзімі ұзартылған сайын ақылы кеңес беру қызметі де қайта рәсімделіп отырған, — делінген хабарламада.

Тергеу дерегіне қарағанда, 43 мың азаматпен осындай қызметке қатысты 181 мыңнан астам шарт жасалған.

Қазір микроқаржы ұйымы директорының орынбасары үйқамаққа алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін Астанада сатып алушыларды алдаған автосалон директоры сотталғанын хабарлаған едік.