Елімізде АЭС салатын вендор бірінші жартыжылдықтың соңында анықталады

Фото: Фото: Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда атом электр стансасын салатын шетел өкілдері елімізде болды. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлім етті.

— Министрдің басшылығымен барлық әлеуетті елдер бізге келді, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз, сонымен қатар вендорларға қойылатын талаптар тізімі анықталды. Олар қазір кері байланыс орнатып жатыр, — деді Сұңғат Есімханов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Вице-министрдің айтуынша, атом электр стансасын салу бойынша қорытынды бірінші жартыжылдықтың соңында шығады. 

— Алдын-ала нәтижелер жарияланады. Бірінші жартыжылдықтың соңында әлеуетті вендор анықталады, — дейді ол. 

Еске сала кетейік, былтыр жыл соңында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елде АЭС-ті кім салатыны 2025 жылдың бірінші жартысында белгілі болатынын айтқан еді. 

Сондай-ақ Энергетика министрлігі қазір АЭС құрылысындағы консорциум аясында 4 елмен келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.