Биыл 9 қазанда Қазақстан ағза донорларының тапшылығы мәселелерін көтеру және елімізде ағза донорлығы мен трансплантацияны дамытудың маңыздылығы туралы арнайы күн аталып өтіледі.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда донорлық органдарға сұраныс жоғары. Соңғы көрсеткіш бойынша, 3 953 науқасқа күту парағы берілді. Олар бүйрек, бауыр, өкпе, жүрек органдарына мұқтаж жандар, яғни донор күтіп жүр. Сондай-ақ, елімізде қайтыс болғаннан кейін ағзасын донор ретінде беру бойынша статистикасы төмен. Айтар болсақ, 2022 жылы не бары 4 мәйіт донор ретінде 16 адамның өмірін сақтап қалды», - деді Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың қоғаммен байланыс маманы Жәнібек Успанов Астана қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, Астанада 7 қазанда Керей-Жәнібек хандар көшесі, 3 мекенжайында «Ашық есік» күні өтеді. Бұл күні трансплантолог дәрігерлер 18 жастан асқан науқастарға трансплантация бойынша тегін кеңес береді. Сондай-ақ, қайтыс болғаннан кейін органдардың донор ретінде қалдыруына ниет білдіру, күту парағын құру және жүргізу мәселелері бойынша, сондай-ақ туыстық ағза донорлығы мәселелері бойынша кеңестер береді.
Брифингте айтылған мәліметке сәйкес, Астанада орган трансплантациясы кезегінде 536 науқас тұр.