Елімізде «Aiala» алғашқы республикалық арт-эко фестивалі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық балаларды қорғау күнінде Бейбітшілік және келісім сарайында алғашқы республикалық «Aiala» арт-эко фестивалі өтеді.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастырады. Бас демеуші – «Халық» қайырымдылық қоры. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, фестиваль еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылар үшін өнер арқылы қоршаған ортаға қамқорлық көрсетуге мүмкіндік берді. 

Бір айдың ішінде 200-ден астам оқушы 6 санат бойынша экология тақырыбында қызықты жұмыстар жасай отырып, өздерінің таланты мен шығармашылығын көрсетті:

Beınele – бейнелеу өнері (фото, кескіндеме);
Árle – перфоманс (мүсін және инсталляция);
Qara – видео түсіру (фильмдер, роликтер) ;
Sezin – арт перфоманс (театр, көше перфоманстары, флешмобтар) ;
Sóıle – музыка және поэзия (әндер, өлеңдер) ;

Órnekte – сәндік-қолданбалы өнер (тоқыма, керамика бұйымдары).

Қазір 36 финалистің есімі белгілі. Бірақ жеңімпаздар 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде жарияланады. Сондай-ақ фестиваль аясында киіз басу, кескіндеме, қаржылық сауаттылық және макулатурадан панно жасау бойынша шеберлік сыныптары өтеді. Балаларға арнап интерактивті ойын-сауық, кейтеринг ұйымдастырылып, мерчтер сатылады. Одан түскен қаражат экологиялық қорларға аударылады. Іс-шараның арнайы қонағы ретінде «JOLDA» би театры шақырылған.