Елімізде әлеуетті тапсырыс берушілер отандық кәсіпорындармен шарт жасасуға міндеттелмек

Елімізде әлеуетті тапсырыс берушілер отандық кәсіпорындармен шарт жасасу рәсімдерін жүргізуге міндеттелмек. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ҚР Үкіметі

«Мемлекет басшысының офтейк-келісімшарттар жасасу тетігін толыққанды іске қосуға қатысты тапсырмасын орындау үшін министрлік өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар (бұдан әрі – шарт) жасасу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер («Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң) әзірледі, оған офтейк-келісімшарттар мен келісімшарттық сатып алу шарттары (офсет) кіреді. Бұл ретте түзетулер аясында шарттың түрлерін ұзақ мерзімді кепілді шарттармен кеңейту көзделеді», - деп атап өтеді министр.

Мұнан басқа, оның дерегінше, жер қойнауын пайдаланушылармен және квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарымен қатар оған жүйе құраушы кәсіпорындар мен табиғи монополиялар субъектілерін қосу ұсынылатын шарттар жасасатын тапсырыс беруші кәсіпорындардың тізбесі кеңейтілетін болады.

«Сонымен қатар, әлеуетті тапсырыс берушілерді отандық кәсіпорындармен шарт жасасу рәсімдерін жүргізуге міндеттеу ұсынылады. Өйткені қазіргі уақытта бұл тетік ерікті сипатқа ие. Ірі кәсіпорындардың отандық өндірушілерді қолдау шараларын, елішілік құндылық бойынша көрсеткіштерді, шарттар жасасуды, ШОБ белдеуін құруды, әлеуметтік қамсыздандыруды және тағы басқаны қамтитын Елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын қабылдау жөніндегі міндеттемелерін белгілеу жоспарлануда», - деді Қанат Шарлапаев.