Елімізде әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 41,3 мыңға дейін азайды

АСТАНА. KAZINFORM- Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамтылған халықтың үлесін көрсететін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) индикаторы бойынша оң динамика байқалады. Егер 2025 жылдың қорытындысында әлеуметтік көмек алушылар саны 54,4 мың отбасы болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 41,3 мың отбасына дейін азайған. Бұл мәселе Үкіметте өткен Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Үйлестіру кеңесінің XI отырысында қаралды.

Фото: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиынға БҰҰ өкілдері, орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктерінің басшылары қатысты.

Кездесуді аша отырып, Серік Жұманғарин Қазақстанның жаһандық орнықты даму күн тәртібіне жоғары бейілділік танытып, Орталық Азиядағы көшбасшы мәртебесін бекіткенін және халықаралық қоғамдастықтағы позициясын нығайтқанын атап өтті.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлденеше рет назар аударғандай, ОДМ-ны жүзеге асыру біздің ұлттық басымдықтарымызбен тікелей байланысты. Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан орнықты даму міндеттерін мемлекеттік жоспарлау мен бюджетті қалыптастыруға біріктіргенін атап өтті. Осы бағдарларға қол жеткізуде біз халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береміз, – деді вице-премьер.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднаарагча ОДМ бойынша жыл сайынғы ұлттық есепті дайындаудың, бюджеттік жоспарлауды орнықты даму міндеттерімен байланыстырудың және өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ климаттың өзгеруі және су ресурстарын басқару мәселелеріндегі Қазақстан мен БҰҰ-ның бірлескен жұмысына назар аударды.

БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа елімізде ОДМ-ды мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізу бағытында ілгерілеушілік барын айтты. Оның пікірінше, келесі маңызды қадам – ұлттық басымдықтарды әр өңірдің ерекшелігіне бейімдеу, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және аумақтардың экономикалық әлеуетін ашу.

Ол Еуропалық Одақтың қолдауымен жергілікті өзін-өзі басқару реформасына жәрдемдесуге арналған үш жылдық бастама іске қосылғанын хабарлады. Жоба Ұлттық экономика министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Абай, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында жүзеге асырылады. Бастама жергілікті экономиканы ынталандыруға, өңірлердің әлеуетін нығайтуға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге және халықтың табысын арттыруға бағытталған.

Отырыс барысында қатысушылар ОДМ-ға қол жеткізудің аралық көрсеткіштерін қарастырып, алдағы перспективаларды талқылады.

Өңірлердегі нәтижелердің қатарында Қызылорда облысындағы инклюзивті білім беру көрсеткіштері де аталды. Мұнда инклюзивті білім беруге жағдай жасалған мектептердің үлесі 99,3%-ға жеткен. Сонымен қатар үш ауысымды және апаттық мектептер мәселесі толық шешілген.

Жетісу облысында газдандыру жұмыстары аясында Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңындағы аймаққа дейінгі 110 елді мекен газбен қамтамасыз етілді. 2022 жылы газбен қамтылған елді мекендер саны небәрі бесеу болған. Қазіргі уақытта облысты газдандыру деңгейі 67,2%-ға жетіп, 467 мың адам газбен қамтылған. Биыл тағы 16 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде облысты газдандыру деңгейі 72%-ға жетуге тиіс.

Алдағы бағыттардың бірі – Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуын тұрақты мониторингтеу мен бағалаудың тұтас ұлттық жүйесін қалыптастыру. Бұл ретте индикаторларды жергілікті деңгейге бейімдеу жұмысы жалғастырылады.

Осыған дейін Қазақстанның даму көрсеткіші бойынша Орталық Азияда көш бастағаны туралы жаздық.