Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, бұған дейін спортшылармен бірге жарыстарға баратын жаттықтырушылар, мамандар мен өзге де өкілдердің санына қатысты бірыңғай талап болмаған. Енді олардың саны спортшылардың санына, жарыстың деңгейі мен ерекшелігіне, сондай-ақ ұлттық құраманың нақты қажеттілігіне қарай белгіленеді.
Өкілдердің үлесі мына формула бойынша есептеледі: өкілдер саны / спортшылар саны × 100%.
Туризм және спорт министрлігі мен Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өкілдерінің санына да шектеу қойылған.
— Жазғы Олимпиадада министрлік өкілдерінің үлесі 3%-дан, ал комитет өкілдерінің үлесі 2%-дан аспайды. Қысқы Олимпиадада бұл көрсеткіштер тиісінше 10% және 8%-ға дейін жетеді. Бұл қысқы ұлттық құраманың саны жазғы құрамамен салыстырғанда аз болуымен байланысты. Сондықтан ілесіп жүретін мамандардың саны бірдей болған жағдайда, олардың жалпы делегациядағы үлесі жоғары болады, — делінген хабарламада.
Ең жоғары үлес жаттықтырушылар құрамына қарастырылған. Олардың қатарына бас және аға жаттықтырушылар, жеке жаттықтырушылар, сервис-жаттықтырушылар мен жаттықтырушы-кеңесшілер кіреді. Мамандар спорт түрінің басымдығы мен жүлдеге таласу мүмкіндігі ескеріле отырып іріктеледі. Жазғы Олимпиадада олардың үлесі 86%-ға дейін, ал қысқы Олимпиада мен Паралимпиадада 100%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұл кей жағдайда спортшылар санына шаққанда олармен бірге баратын жаттықтырушылар мен мамандар саны спортшылар санына тең болуы мүмкін дегенді білдіреді.
Сонымен қатар бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыларға ілесіп жүретін адамдар үшін де жеке норма белгіленді. Паралимпиада және басқа да кешенді халықаралық жарыстарда олардың үлесі 38%-ға дейін болуы мүмкін.
— Оларды делегация құрамына енгізу — былтыр күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң аясындағы реформалардың тағы бір нәтижесі. Спорттық медицина мамандарына да ерекше мән беріліп отыр. Дәрігерлер, массажшылар және басқа да медицина қызметкерлерінің үлесі жазғы Олимпиада делегациясында 28%-ға дейін, ал басқа жарыстарда 23%-ға дейін болуы мүмкін. Ұлттық олимпиада, паралимпиада және сурдлимпиада комитеттері делегация құрамына жазғы ойындарда 13%-ға дейін, ал қысқы ойындарда 40%-ға дейін өз өкілдерін енгізе алады, — деп хабарлады ведомство.
Олимпиадалық даярлау орталықтары, спорт федерациялары және басқа да жауапты ұйымдар өкілдері үшін бұл көрсеткіш жазғы Олимпиадада 12%-ға дейін, қысқы ойындарда 20%-ға дейін белгіленген.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін квота жазғы Олимпиадада 6%, ал қысқы ойындарда 12% болады.
Еске салайық, бұған дейін Шотландияның Глазго қаласында өткен World Boxing Атқару комитетінің отырысында 2028 жылы Лос-Анджелесте (АҚШ) өтетін Олимпиада ойындарына жолдама беретін бокс турнирлерін қабылдайтын елдер бекітілгенін жазғанбыз.