Елімізде алғашқы медициналық көмек қалай дамып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде алғашқы медициналық көмек жүйесі біртіндеп өзгеріп келеді. Ауылдарда жаңа медициналық мекемелер ашылып, емханаларда мейіргерлердің міндеті кеңейіп жатыр. Ауруларды ерте анықтауда жасанды интеллект қолданыла бастады. Kazinform тілшісі осы өзгерістер мен алғашқы медициналық көмекті одан әрі дамыту жолдарына шолу жасады.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Алматы декларациясынан басталған жол

1978 жылы қабылданған Алматы декларациясында медициналық көмектің баршаға бірдей қолжетімді болуы көзделді. Арада 40 жыл өткенде, 2018 жылы бұл міндеттемелер Астана декларациясында қайта бекітілді.

Содан бері медицинада көп нәрсе өзгерді. Алайда созылмалы аурулардың көбеюі, халықтың қартаюы, маман тапшылығы алғашқы медициналық көмекті жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр.

12–13 қараша күндері Назарбаев Университетінде өтіп жатқан халықаралық конгресте осы мәселелер талқыланып жатыр.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова конгрестің ашылуында Қазақстан үшін алғашқы медициналық көмекті дамытудың маңызы ерекше екенін атап өтті.

– 2028 жылы Алматы декларациясының қабылданғанына 50 жыл толады. Онда бекітілген, кейін Астана декларациясында расталған қолжетімділік пен әділдік қағидаттары бүгін де алғашқы медициналық көмек жүйесін нығайту жөніндегі жұмысымыздың негізі болып отыр, – деді министр.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда халықтың денсаулығын сипаттайтын бірқатар көрсеткіш жақсарған. Мәселен, 1991 жылы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 67,6 жас болса, 2025 жылы 75,97 жасқа жетті. Осы аралықта нәресте өлімі 4,5 еседен астам, ана өлімі 6 есе, туберкулезден болатын өлім-жітім 10 есе азайған.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен қатар Қазақстан жұқпалы емес аурулардан мезгілсіз қайтыс болу көрсеткішін 25 пайызға төмендету мақсатына жеткен Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды.

Медициналық көмек халыққа қаншалықты жақындады

Алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуы ең алдымен тұрғындардың үйіне жақын жерде медициналық қызмет алу мүмкіндігіне байланысты.

Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, соңғы үш жылда елімізде денсаулық сақтау саласының 813-тен астам нысаны салынған. Оның 655-і – алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемелер.

– 200-ден астам ауыл алғаш рет өз медициналық мекемесіне ие болды. Олар заманауи диагностикалық жабдықтармен, телемедицина кешендерімен қамтамасыз етілді, – деді министр.

Жаңа нысандар салумен қатар, емханалардағы қызмет түрлері де кеңейіп келеді. Мәселен, кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету кабинеттері ашылған.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Соңғы бір жылда алғашқы медициналық көмек ұйымдарының жанынан баланы дамыту және ерте араласу жөніндегі 440-тан астам орталық құрылған. Мұнда әртүрлі сала мамандары бірлесіп жұмыс істейді. Олардың міндеті – баланың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтап, отбасына дер кезінде көмек көрсету.

Емханалардың жұмыс тәртібі қалай өзгеріп жатыр

Медициналық көмектің сапасын арттыру үшін жаңа ғимарат салу жеткіліксіз. Ондағы мамандардың даярлығы мен жұмыс тәртібі де маңызды.

Назарбаев Университетінің вице-президенті, Медицина мектебінің деканы, профессор Хак Хуэй Нгтің пікірінше, алғашқы медициналық көмектің тиімділігі отбасылық дәрігерлердің, мейіргерлердің, психологтер мен әлеуметтік қызметкерлердің бірлескен жұмысына байланысты.

Қазақстанда осындай жұмыс үлгісі қалыптасып келеді. Соның бір мысалы – мейіргерлердің құзыретін кеңейту.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Назарбаев Университеті Медицина мектебінің профессоры Юлия Семенованың айтуынша, халықаралық тәжірибеде мейіргерлер медициналық қызметтің едәуір бөлігін атқара алады.

– Мейіргерлер жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу, халыққа екпенің маңызын түсіндіру, вакцина салу жұмыстарымен айналыса алады. Әлеуметтік қызметкерлермен, психологтермен бірлесіп, адамның денсаулығына әсер ететін әлеуметтік жағдайларды бағалауға қатысады, – деді Юлия Семенова конгресс барысында Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Қазақстан мамандары осы бағытта Гонконгтың тәжірибесін зерделеп жатыр. Ондағы алғашқы медициналық көмек орталықтарында мейіргерлерге үлкен міндет жүктелген.

Дегенмен профессордың пікірінше, мейіргерлердің құзыретін кеңейтумен қатар, олардың кәсіби даярлығын жетілдіру қажет. Бұл болашақ дәрігерлерге де қатысты.

– Қазір студенттер негізінен ауруханаларда білім алып, тәжірибеден өтеді. Сондықтан кейін медицинаның белгілі бір саласына мамандануды таңдайды. Ал медициналық көмектің негізі – алғашқы буын. Болашақ дәрігерлер емханаларда тәжірибеден өтіп қана қоймай, сол жерде білім алуы керек. Олар оқу кезінен бастап мейіргерлермен, әлеуметтік қызметкерлермен бірлесіп жұмыс істеуді үйренуі қажет, – деді профессор.

Мамандарды даярлаумен қатар, тәжірибелі қызметкерлерді алғашқы медициналық көмек жүйесінде сақтап қалу мәселесі де қолға алынған.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызметте жұмыс істейтін 77 мыңнан астам маманға үздіксіз еңбек өтіліне қарай үстемеақы төленеді. Министрдің мәліметінше, осы мақсатқа жыл сайын шамамен 300 миллион АҚШ доллары бөлінбек.

– Үстемеақының мөлшері маманның үздіксіз еңбек өтіліне байланысты болады. Мұндай тетік кәсіби тәжірибені бағалауға, ең бастысы, мамандарды алғашқы медициналық көмек жүйесінде сақтап қалуға мүмкіндік береді, – деді Ақмарал Әлназарова.

Аурудың алдын алуда қандай жаңа мүмкіндіктер бар

Алғашқы медициналық көмектің маңызды міндеттерінің бірі – адам ауырғаннан кейін ем тағайындау ғана емес, аурудың алдын алу.

Назарбаев Университеті Медицина мектебінің профессоры, биомедициналық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Антонио Саррия-Сантамераның айтуынша, Қазақстан сияқты елдерде жиі кездесетін жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін, қатерлі ісіктерді ерте анықтау арқылы олардың асқыну қаупін азайтуға болады.

– Ол үшін медицина мамандары қауіп тобындағы адамдарды анықтай білуі, оларға қажетті кеңес беріп, тиісті ем жүргізуі керек. Мамандардың кәсіби даярлығы мен жұмыс істеуіне қажетті ресурстардың болуы да маңызды, – деді профессор конгресс барысында Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.

Сарапшы аурудың алдын алуда екпенің маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, вакцинация көптеген елде адам өмірінің ұзаруына ықпал еткен. Сондықтан медицина қызметкерлері халыққа екпенің пайдасын түсінікті тілмен жеткізе білуі керек.

Ауруларды ерте анықтауда жасанды интеллектінің де мүмкіндігі мол. Қазір Қазақстанда отандық технологиялар инсультті анықтауға, сүт безі мен өкпе обырын ерте диагностикалауға көмектесіп жатыр.

Антонио Саррия-Сантамераның пікірінше, жасанды интеллект диагностикадан бөлек, әр науқастың денсаулық жағдайына қарай аурудың алдын алу және емдеу тәсілін таңдауға көмектесе алады.

– Мәселен, қант диабетінің алдын алуға болатынын білеміз. Ендігі мәселе – әр адамға қандай ем, қандай кеңес қажет екенін анықтау. Бұл тек дәрі-дәрмекке қатысты емес. Адамға денсаулығын күту жөнінде жеке кеңес беру де маңызды. Жасанды интеллект осы бағытта үлкен мүмкіндік береді, – деді профессор.

Дегенмен сарапшы жаңа технологияларды әзірлеумен шектелмей, дәрігерлерді оларды дұрыс пайдалануға үйрету қажет екенін атап өтті. Бұл Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге ортақ міндет.

Қазақстанның тәжірибесін шетелдік мамандар қалай зерделеп жатыр

Алғашқы медициналық көмекті дамытуда Қазақстан өзге елдердің тәжірибесін зерделеумен қатар, өз жетістіктерімен де бөлісіп келеді.

2023 жылғы қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі елдердің жаһандық коалициясын құруды ұсынған болатын.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазір коалицияға әлемнің бес өңіріндегі мемлекеттер қатысып отыр. Бастамаға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ қолдау көрсетеді.

– Біз барлық елге ортақ бір үлгі ұсынбаймыз. Мемлекеттер өз нәтижелерін салыстырып, қателіктерін талдап, тиімді шешімдерді өз жағдайына бейімдей алатын алаң қалыптастыруды көздеп отырмыз, – деді вице-министр конгресте.

Осындай тәжірибе алмасу алаңдарының бірі Ақмола облысында орналасқан. 2022 жылдан бері Ерейментау аудандық ауруханасының базасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық көмек жөніндегі тәжірибе алаңы жұмыс істейді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Мұнда мамандар жалпы практика дәрігерінің, психологтің, әлеуметтік қызметкердің бірлесіп жұмыс істеу үлгісімен танысады. Былтыр осы алаңда 150-ден астам қазақстандық маман, Орталық Азия мен өңірдің басқа елдерінен келген 50-ге жуық медицина қызметкері оқудан өткен.

Халықаралық ынтымақтастық медициналық білім беру саласында да жалғасып жатыр. Конгресс аясында Назарбаев Университеті Қазақстан мен Орталық Азияның жеті медициналық университеті және академиялық мекемесімен меморандумдарға қол қойды. Келісімдер маман даярлауды жетілдіруге, бірлескен зерттеулер жүргізуге және алғашқы медициналық көмекке жаңа тәсілдерді енгізуге бағытталған.

Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, бұл жұмыстардың түпкі нәтижесі халыққа көрсетілетін медициналық көмектен көрінуі керек.

– Адам үшін денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі қабылданған стратегиялар мен құжаттардың санымен емес, оның үйіне жақын жерден сапалы медициналық көмек ала білуімен өлшенеді, – деді вице-министр.

Бұған дейін елімізде емханалардың жұмысын бағалау жүйесі өзгеретінін жазған едік.