Елімізде Тұран жолбарыстарының алғашқы жөншігі пайда болуы мүмкін

Фото: Фото: Экология министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылдың қыркүйегінде Нидерландыдан Іле-Балқаш резерватына әкелінген Тұран жолбарыстары Богдан мен Кума жұптаса бастады, деп хабарлайды Экология министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство атап өткендей, бұл жыртқыштардың жаңа ортаға сәтті бейімделгенін және оларды ұстау жағдайлары өмір сүруге және көбеюге ыңғайлы деп танылғанын білдіреді.

— Жыртқыштардың бейімделуі — аумақты игеруді және күйзеліс тудыратын факторларды азайтуды қамтыды. Жұптасу — жолбарыстардың өздерін қауіпсіз сезінетінін меңзейтін маңызды белгі. Енді болашақта Қазақстанда жолбарыстардың жаңа популяциясын қалыптастыру үшін негіз болатын тұқым пайда болады деген үміт бар, — делінген министрлік хабарламасында.

Қазақстанда жолбарысты реинтродукциялау бағдарламасы 2018 жылы WWF және БҰҰ ДБ қолдауымен басталды. Енді жоба жаңа кезеңге өтті: олар қоршауларда дүниеге келген жолбарыстарды да, Ресейдің Қиыр Шығысынан әкелінген жолбарыстарды да жабайы табиғатқа шығаруды жоспарлап отыр.

Тұран жолбарысының оралуы — елдің экожүйесін қалпына келтірудегі маңызды қадам. Мамандар Богдан мен Куманы бақылауда ұстап отыр. Олар жақын арада жолбарыстар отбасында кішкентай шөнжіктер пайда болады деп үміттенеді.

Бұдан бұрын «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында жолбарыстар алғаш рет қыстап жатқанын жазған едік.