Осылайша Қазақстан ана мен бала өлімін азайту бағытындағы Тұрақты даму мақсаттарының нысаналы көрсеткіштеріне мерзімінен бұрын қол жеткізді.
Ақмарал Әлназарова әйелдер мен балалардың денсаулығы елдің демографиялық болашағын тікелей айқындайтынын атап өтті.
– Бүгінде алдымызда бұдан да күрделі міндет тұр – әрбір адамның өмірін сақтап, алдын алуға болатын өлімге жол бермеу. Ол үшін заманауи диагностика, жүкті әйелдерді тиімді бағыттау, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту, медициналық көмектің сапасына тұрақты аудит жүргізу және ауыр жағдайларға жедел әрекет ету қажет, – деді министр.
ЮНИСЕФ Қазақстанның балалар, нәрестелер және неонаталдық өлімді төмендету, вакцинациялау арқылы алдын алуға болатын инфекцияларды қысқарту бағыттарындағы нәтижелерін, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейіндегі патронаж қызметінің тиімділігін атап өткен. Халықаралық ұйым Қазақстанның тәжірибесін Орталық Азия елдеріне пайдалы болуы мүмкін балалар денсаулығын сақтау саласындағы озық тәжірибелердің бірі ретінде бағалайды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шамамен 6,9 млн бала тұрады. Бір жыл ішінде 329 мыңнан астам бала дүниеге келген.
Министр денсаулық сақтау жүйесіндегі әйелдердің рөліне де тоқталды. Бүгінде салада шамамен 84 мың дәрігер және 196 мыңнан астам орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың 80 пайыздан астамы – әйелдер.
Сонымен қатар Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілердің 55,8 пайызын әйелдер құрайды, олардың 39,1 пайызы басшылық лауазымдарда қызмет атқарады. Квазимемлекеттік сектордағы басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 46,8 пайызға жеткен.
7 қазанда Ақмарал Әлназарова Түрікменстанда өткен «Бейбітшілікті сақтаудағы және орнықты дамуға қол жеткізудегі әйелдердің рөлі» атты Халықаралық әйелдер диалогына және «Демографиялық процестер және орнықты даму: заманауи міндеттер мен халықаралық тәжірибе» атты Халықаралық конференцияға қатысты.
Кездесуде климат пен денсаулықтың өзара байланысына да назар аударылды. Экстремалды ыстық, су ресурстарының өзгеруі және басқа да климаттық факторлар халық денсаулығына жаңа қауіп-қатер тудырып, денсаулық сақтау жүйелеріне қосымша салмақ түсіріп отыр.
Осыған байланысты Қазақстан өңір елдерін тәжірибе алмасудан нақты бірлескен іс-қимылдарға көшуге шақырды. Оның ішінде ана мен бала денсаулығын сақтау бағдарламаларын іске асыру, ана мен нәресте өлімінің алдын алу, үздік медициналық тәжірибелермен алмасу және кадрлар даярлау, әйелдер денсаулығын, цифрлық технологиялар мен жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту бағыттары бар.
Ақмарал Әлназарова Қазақстанның әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау және орнықты даму мәселелері бойынша Түрікменстанмен және өңірдің басқа мемлекеттерімен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда соңғы бес жыл ішінде ана өлімі 35 пайызға азайып, нәресте және перинаталдық өлім көрсеткіштері де төмендегені хабарланған.